Қордың көмегі көп

Oinet.kz 12-09-2023 261

image.png

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорына бүгінге дейін 156,9 млрд теңге қаржы жиналып, оның 49 млрд теңгесі көзделген қайырымдылық бастамаларды қаржыландырған. Шымкентте  қор арқылы 4,7 млрд теңгенің жобасы жүзеге асырылыпты. Бұл туралы «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева Шымкент қаласында өткен дөңгелек үстелде мәлімдеді. 

Басқосуға  қоғамдық ұйым жетекшілері, басқарма басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қала мәслихатының депутаттары қатысты. 

Екі жыл ішінде қоғамдық қор негізінен денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру, мәдениет және спорт саласындағы мәселелерді шешу үшін қайырымдылық бастамаларға және төтенше жағдайлар кезінде халыққа көмек көрсетумен айналысады. Л.Шыңғысбаеваның айтуынша, қайырымдылық істерді қаржыландырудың басым бөлігі денсаулық сақтау саласына бағытталыпты. 

–Жұмсалған қаржының 29 млрд теңгесі денсаулық сақтауға, 14,9 млрд теңгесі білім беру, 2 млрд теңгесі әлеуметтік қолдауға, 358 млн теңгесі спорттық бағдарламаларға, төтенше жағдайға көмек ретінде 3,6 млрд теңгесі жұмсалды. Қор арқылы сирек және ауыр сырқаты бар 324 науқасқа көмек үшін 24,9 млрд теңгеге 36 түрлі дәрі-дәрмек сатып алынды. Оның ішінде 7 түрлі дәрі Қазақстанға алғаш рет әкелінді. Осы қайырымдылық жоба арқылы қалада ауыр жағдайдағы 50 науқасқа 4,5 млрд теңгенің дәрі-дәрмек көмегі берілді. Өте сирек кездесетін ауру болғасын, оны емдейтін дәрілердің бағасы қымбат болды. Қарапайым халықтың қалтасы көтермейтіндіктен қордың көмегімен бұл мәселе шешімін тапты. Сонымен қатар, 20 науқасқа шет елде емделу үшін 585 млн теңге қаржы жұмсалды. Оның 2  қала тұрғыны»,– деді Ләззат Алтынбекқызы.

Көз трансплантациясын қажет ететін 304 науқас қорға өтінім берген екен. Бұл ота өте сирек, әрі бағасы да қымбат болғандықтан бүгінге дейін қайырымдылық қоры 45 науқастың операциясына демеушілік еткен. 

–Әр өңірде түрлі жобалар мен бағдарламаларды жүзеге асыру қажет. Өңірлерді аралаудағы мақсат – қоғамдық ұйым мен әлеуметтік сала басшыларымен кездесіп, қандай көмек қажеттігін өздерінен білу. Сондықтан сіздердің ұсыныстарыңызды тыңдауға дайынбыз, – деді Л.Шыңғысбаева. 

Айта кетсек, Шымкент қаласында ашылған ерекше балаларға жарты күндік ақысыз қызмет көрсететін «Қамқорлық» пен ерте араласу орталықтары «Қазақстан халқына» қорының көмегімен ашылған болатын. 


Шымкенттік дәрігерлер Израильде біліктілігін арттыруда
Бас дәрігер медициналық ұйымдарды аралады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу