Перзентханадағы ерекше күн
Демографиялық өсім еліміз үшін аса маңызды дүниенің бірі. Әлем бойынша жер көлемі жағынан тоғызыншы орынды алатын ұлан байтақ жеріміз үшін халық саны әлі де толымсыз. Сондықтан мемлекет халық санын өсіруде сарабдал саясатты ұстанып отыр. Халқы миллионнан асатын үшінші мегаполис демографиялық өсімі жағынан алда келе жатқан шаһардың бірі. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Шымкентте жыл басынан бері 20 667 нәресте дүниеге келген. Оның ішінде 10 678 ұл бала, 9 989 қыз, 267 егіздер дүние есігін ашыпты. Қалада жаңа туылған нәресте мен аналардың денсаулығына ерекше күтім жасалады. Перзентханаларда барлық тиісті медициналық көмектер көрсетіліп келеді.
Осы орайда Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың Жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Отбасы күні» мерекесі қарсаңында сәбилі болған отбасыларға ерекше қуаныш сыйлады. Орталық қызметкерлері Шымкенттегі қалалық №2 перзентханада жаңадан туылған сәбилерді үйге шығару рәсімін салтанатты түрде өткізуге ұйытқы болды.
Дүние есігін ашқан нәрестелердің қуанышты сәтінде әсем әуен мен ақ тілектер айтылды. Арнайы ертегі аниматорлары мерекені сезіндіріп, дәмді торт ұсынды.
– Қаламызда жыл сайын дәстүрлі түрде бұл мереке аталып өтеді. Жастар ресурстық орталығы да мерекеге өз үлесін қосып, бүгінгі іс-шараны ұйымдастырдық. Жас отбасыларды гүлмен, дәмді тәттілерімен күтіп алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйладық деп ойлаймын. Іс-шара басталғалы бері алты отбасыны құттықтадық. Жас аналарға тосын сыйымыз ертең де жалғасын табады,– деді Әл-Фараби ауданы әкімдігінің жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Бөгенбай Қайратұлы.
Қоғамда отбасы құндылығы мен маңыздылығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған іс-шара жас отбасыларға күтпеген сый болды.
– Осы аптада немерем, ұлымның тұңғыш перзенті дүниеге келіп, айтулы күнде перзентханадан шығару рәсімі бұйырыпты. Қазақ әрқашан мұндайды жақсылыққа балайды. Қызымыз өсіп, еліне қызмет ететін ерекше бала болады деп сенемін. Қошемет көрсетіп, сый-құрметке бөлеп жатқанына үлкен рақмет.
Отбасы — құнды, киелі ұғым. Мұны жастарымыз түсініп, сезінуі үшін мейрам етіп тойлау тамаша үрдіс деп ойлаймын,– дейді шымкенттік ана Феруза Ташанова.
Отбасы күніне арналған мұндай мерекелік іс-шара апта бойы қаламыздың бірнеше перзентханасында ұйымдастырылады дейді мамандар.