Туған тілім – тұғырым
Қазақ елі барда, қазақ тілі де өмір сүреді. Тіл туралы сөз ең жанды жеріміз. «Ұлттық рухтың негізі – ұлттық тіл» дейтін алаш арысы Мұстафа Шоқай. Арғы – бергі тарихты адақтап, әлемдегі мемлекеттердің тіл туралы тұжырымдарына зер салсақ, өзінің тілін «Ана тілі» деп дәріптейтін де ардақ тұтып қадірлейтін де елдің бірі біздің халқымыз екен.
Ұлттың ұлы қазынасы – Ана тілін жаңа ғасырдың биігіне алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парасатты парызы. Қазына қарияларымыз бір кезде «тыңдаушысы жоқ болса – сөз жетім» деп мақалдаған. Абай атамыз, «сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деген еді. Санаға салмақ салғанда, «сөзді ұғатын кез келді» деп айтылып жүрген пікірдің салмағы орасан зор екенін мемлекеттік қызметте жүрген замандастарымыздың, қатар жүрген әріптестеріміздің үнемі естерінде ұстағаны жөн. Әр азамат әуелі туған тілге деген құрмет пен жауапкершілікті өзінен бастауы керек. Отбасынан бастауы керек. Отбасындағы оңды тәрбие ана тілі арқылы жүзеге асса, одан әрі жас ұрпақ өмірдегі өз қажеттілігін өзі табады, адаспайды. Бізде әлі де бойымыздан арылмай келе жатқан бір жаман әдет бар. Ол әуелі бастамаға бірден үн қосып, дүркіретіп әкетеміз, сосын уақыт өте келе істің аяғын сұйылтып, тіпті әрі-беріден соң кейбір қажетті іс-шаралардың ізіне су құямыз. Азаматтың қандай екені оның бастаған ісіне ғана емес, аяқтаған ісінен көрінеді. Бұл тұрғыдан келгенде, мойнымыз жар бермей, жарты жолда солықтап, іс аяғын ақсатып кететінміз бар. Осы кемшіліктен арылу керек. Мемлекет дамуындағы маңызды мәселенің бірі үш тұғырлы тіл мәселесі десек, артық айтқандық болмас. Әлемдік ақпараттық, технология, жаңа инновациялық индустрия ағылшын тілінде жұріп жатыр. Демек бұл тілді де біз еркін меңгеруіміз керек. Ұлтаралық қатынас тілі орыс тілі де ел дамуында өзіндік рөлін жоғалтқан жоқ. Оны тарихымыздан сызып тастай алмаймыз. Бұрын көп тіл білушілік мақтан болса, енді ол қажеттілікке айналды. Қажеттілігі сол, көп тіл білсең, көп ақпаратты игересің, өзгелердің өзығы мен тозығын айырасың. Көп тіл білгеннің зияны жоқ. Досың да, әріптесің де, жолдасың да көп болады. Алайда, қандай жағдайда туған тіліміз – қазақ тілі өз мәртебесін жоғары ұстауы тиіс. Туған тілдің туы қашанда биік болуы қажет. Тілдің қолданылу аясына байланысты ортаға салар бірталай жайттар бар. Тіл дамуы үшін тілдік орта қажет. Бұл ең бірінші шарт. Сосын тілге деген қжеттілік керек. Үшінші, ана тіліңді ардақтайтын ұлттық намыс керек.
Қандай заң болса да оның өмір сүру, қызмет ету аясы уақыттың тікелей тәуелді болып жатады, біздің азаттық алған тұзымызда туындаған, қабылданған көп заңдар уақыт өте келе сапалық өзгерістерді бастан кешті. Олар жетілдірілді , толықтырылды, өзгерістерге ұшырады.
Заң бізге текелей тіл үйретіп бермейді. Бірақ заң білген адам заманның қиындығынан аса әбыржи қоймайды. Әрине, жұрттың бәріне заңды жатқа біл, баптарын баста ұста деп талап ете алмайсың. Бірақ Қазақстан заңы әрбір отандасымыздың арын арлап, барын қорғауға қызмет ете алады. Соның ішінде тіл туралы түйіткілдердің өзін заңдық, құқықтық деңгейде толық реттеуге болады. Ана тіліміз бәрімізді өмірге әкелген ардақты анамыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген. Іңгәлап жатқанда айтылған анамыздың бесік жырымен жүрегімізге сіңген. Әкеміздің жанында құлдыраңдап жүгіріп, қамшысын әкеліп, қолғанат болып жүргенде санамызға ұялаған. Мектеп қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздың ұлағатты сабақтарында халқымыздың қазынасын-ұлт тіліндегі әдебиетін оқығанда көкейімізге тұнған. Қазақ тілінің қанық бояулары халық әндерінде. Шіркін, біздің халық әндері, нағыз қазынамыз ғой. Біздің халықтай мыңдаған мазмұнды әні, күмбірлеген күйі бар. Өз мемлекеттік Гимннің мәртебесі мемлекеттік тілдің де жоғары дәрежесі болып қабылданады. Туған тіліміздің асқақтығы мен абыройы да осы Гимннен анық көрінеді.
Арайлап таңым, асқақтап тауым,
Ән ойнап көгім, күй тартты көлім.
Қол жетті, міне, аңсаған күнге,
Жасай бер,жаса,қазағым менің!
2005 жылдың желтоқсан айында мемелекеттік гимнді ауыстыру туралы идея белгілі музыка және көркемсөз мамандарымен ақылдаса отырып жүзеге асырылды. Композитор Шәмші Қалдаяқов пен Жұмекен Нәжімеденов «Менің Қазақстаным» әнінің мәтінін заманға лайықтап, оның мазмұндық тініне зиян келтірмей, лексикалық негізін қалдарып әрі тәуелсіздік талаптарын сақтай отырып, аздаған өзгерістер енгізуді ұсынды. Бұған белгілі ақындар да, маман тілші ғалымдар да тартылды. Біз кейде тәуелсіздікті «оңай алдық, дайын күйде кезіктік» деген солақай пікірлерді естіп қаламыз. Бұл тіптен қате болжам. Тәуелсіздік берген ең құнды, ең бағалы бір жетістік туған тіліміздің мәртебесін көтеріп, оны Конституциямыздың 7-ші бабында «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тілі Қазақ тілі» деп бекем түрде бекітті. Тілімізге теңдік тиді, қапияда жоғалған құны қайта қалпына келіп, төрге шықты, төрелікке қол жеткізіп, заңдық негізге ие болды. Ата Заңның айбарында мемлекеттіліктің мәртебесі мен мерейін көтеріп тұрған бұл баптың бабын табаалмай, баянын орната алмасақ, өзімізге ренжиік. Өз тілін өгейсініп, өзге тілдің ығына жығылғандардың қарасы қазіргі кезде біртіндеп азайып келеді. Бірақ ондайлар мемлекеттік қызметте әлі де кездеседі. Абайлай жүріп, ақылға жүгінсек, оның да ыңғайы келіп, реті табылар. Жаңа, жас толқын келіп, тілдің мәртебесін бұдан жоғары сатыға көтерер. Әрі солай болатынына күмән келтірмейміз.
Г.Бейсенова,
«Шым қала» тарихи-мәдени кешенінің кіші ғылыми қызметкері