Шымкент қаласы Еңбекші ауданында 38 көшеге асфальт жабыны төселді
Шымкент қаласы Еңбекші ауданында жүргізіліп жатқан жол құрылысында қарқын бар. Қала әкімі Ғабит Сыздықбековтың айтуынша, Еңбекші ауданы аумағында ұзындығы 732 шақырымды құрайтын 728 көше мен өткел бар.
Жолдардың 535 шақырымына, яғни 73 пайызына асфальт төселген. Ал 21,6 пайызды құрайтын 158 шақырымы тас жол болса, топырақ жолдың үлесі 5,3 пайыз, яғни 38 шақырым.
- Жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға жіті көңіл бөлініп келеді. Мәселен 2021 жылы 4 магистралдық және 53 қалаішілік көше асфальтталып жөнделді. Ал, 2022 жылы жалпы 86,4 шақырымды құрайтын 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Одан бөлек, «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Биыл жалпы ұзындығы 45,5 шақырымды құрайтын 73 көшені жөндеу жоспарланған. Қазіргі уақытта 38 көше асфальтталып, 25 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 9 көше бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өтіп жатыр, - дейді қала әкімі.
Сонымен қатар «Исфиджап» тұрғын алабында ауыз су құрылысы жүргізілетіндіктен 1 көше 2024 жылға ауыстырылды. 2027 жылға дейін жаңа құрылыс аймағындағы инфрақұрылым жүйесі толық аяқталған жағдайда аудан аумағындағы қанағаттанарлық жол үлесі 100 пайызға жеткізу көрсеткіші жүзеге аспақ.
Жалпы, жол – қала экономикасының басты күретамыры. Мегаполисті дамытудың ең маңызды шарттарының бірі. Оның үстіне, жолдың ахуалы алып шаһар тұрғындарының өмір сүру сапасына айтарлықтай әсер етеді. Бұл тұрғыда Шымкент қаласындағы жол-құрылыс жұмыстары барлық бағытта жоспарлы жүргізіліп келе жатқанын атап өткен жөн. Жол құрылысында заманауи үлгідегі жаңа технологияларды пайдалануға басымдық еріліп отыр. Айталық, осы саладағы реджувасил, миркосюрфейсинг, суық ресайклер және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон, суық ресайклер технологиясы кеңінен қолданылып, өзінің оң нәтижелерін беруде.