Шымкент қаласында 64 көше орта жөндеуден өткізілді
Шымкент қаласында жол инфрақұрылымы жақсара түскен. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қала ішілік жолдардың сапасын жақсарту бағытында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда екен.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында еліміздегі жол сапасына айрықша көңіл бөліп отыр. Мемлекет басшысы Үкіметке, жергілікті әкімдерге республикалық және жергілікті жолдардың жағдайын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдауды тапсырған болатын. Шымкент аумағындағы жол инфрақұрылымын жақсартуда, жолдардың сапасын арттыру бағытында қабылданған 2021-2025 жылдарға арналған іс-шара жоспары талапқа сай жүзеге асып келеді. Бүгінгі таңда қаламыз үшін ең маңызды мәселенің бірі – жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу. Себебі, статистикаға сәйкес, қала автокөлік көбеюі жағынан елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі болып отыр. Осыған орай, соңғы жылдары мегаполисте жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамуда, - дейді қала әкімі.
Жол күре тамыр. Бұл бағытта қабылданып жатқан бағдарламалар мен жобалар баршылық. Соның ішінде «Нұрлы жол», «Өңірлерді дамыту» мен «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары мен «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жол саласында көп жұмыстардың атқарылып жатқаны да белгілі. Жалпы, бүгінде мегаполис аумағына кіретін жолдардың ұзындығы 3 247,6 шақырымды құрайды. Оның ішінде 2 066,1 шақырымына асфальт жабыны төселсе, қалғаны шағал тас төселген жолдар.
Биыл қала аумағында 236,3 шақырымды құрайтын 297 магистралды және ішкі орам көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Оның 24 көшесі көлік ағыны жоғары әрі, қоғамдық көлік қатынайтын орталық магистрал көшелер. Бүгінде 64 көше орташа жөндеуден өткізілді. Қалған көшелерде асфальт жабынын төсеу жұмыстары өндірістік кестеге сай жалғасуда. Іс-шараға сәйкес магистралды көшелерге сонымен қатар, елді мекендердің ішкі орам көшелеріне басымдық берілуде.
Ал көлік инфрақұрылымы бойынша 2020 жылы Шымкент қаласының жолаушылар көлігін дамытудың кешенді схемасы бекітілген. Жүйеге сәкес, 78 бағытта қоғамдық көліктер жолаушыларды тасымалдау қызметін көрсетеді. Қалада 1000-ға жуық автобус, 10 автопарк бар. Қоғамдық көліктердің 90 пайызы жаңартылған.