Шымкент қаласында Конгресс-холл ғимаратының құрылысы аяқталуға жақын
Шымкен қаласындағы «Шымкент сити» жаңа шағын ауданында бой көтеріп жатқан Конгрес-холлдың құрылыс жұмыстары аяқталып келеді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмысы жоспарға сәйкес жүргізілуде екен.
Бүгінгі таңда нысандағы құрылыс жұмысының 75 пайызы аяқталған. Оны пайдалануға беру алдағы айларға жоспарланған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында Ұлттық экономика құрылымында құрылыс секторы маңызды орынға ие екеніне тоқталған болатын. «Осы сала ішкі жалпы өнімнің 5-6 пайызын береді. Жанама салалар қосылса, бұл көрсеткіш одан да көп» дейді Президент. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бүгінгі таңда қалада құрылыс саласына атқарылып жатқан жұмыс ауқымы кеңейіп келеді. Атап айтқанда, үшінші мегаполистің келбетін ашатын Конгресс-холл көп функциялы мәдени және ойын-сауық сарайы ретінде ашылмақ. Мұнда халықаралық конгресстерді, форумдарды, мәжілістерді, симпозиумдарды, ресми іс-шараларды және пленарлық отырыстарды өткізуге мүмкіндік мол, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Нысанның құрылыс жұмысымен арнайы барып танысқан қала әкімі оны кестеден кешіктірмей тапсыруды мердігерге шегелеп тапсырды. Жалпы жаңа нысан екі блокқа бөлінген, үш қабаттан тұрады. Бірінші блокта мәдени көпшілік іс шараларға, спектакльдерге арналған кәсіби мультимедиялық жабдықтар орнатылған 2066 орындық көрермендер залы орналасқан.
Сондай-ақ, 190 орындық конференц-зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық пресс кабинет бар. Екінші және үшінші қабаттарда көркемдік және киім-кешек бөлмелері, сахнаға қызмет көрсету үшін техникалық бөлмелерді де осы бірінші блоктан көруге болады.
Ал екінші блокта қолөнершілер орталығы жоспарланған. Сонымен қатар, қолөнершілер дайын бұйымдарын қоя алатын көрме алаңы, қолөнер тарихымен танысу үшін бірінші қабаттағы мультимедиялық кабинет, қазақ ұлттық билеріне арналған үлкен би залы, музыкалық зал, қазақтың дәстүрлі үстел ойындарына арналған кабинет те осы әсем ғимараттың еншісінде.
Құрылыс басында компания өкілдерінің ұсыныс тілектерін тыңдаған қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерге нысанды уақытында тапсыруды, құрлыс сапасына баса мән беруді міндеттеген болатын.