Шымкент қаласында ұлттық жоба аясында жұмыссыздар жұмыспен қамту шараларына тартылуда
Шымкент қаласында жұмыссыздарды жұмыспен қамту шаралары жоспарлы жүргізілуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде биыл 33500 адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру көзделген.
Қалалық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау басқармасының тарапынан бүгінгі таңға нақты 22 489 адам қамтылып, жоспар 67,1пайызға орындалған.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында алдымызда атқарылатын жұмыстардың негізгі бағытын айқындап берді. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған, қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілген. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Бүгінгі таңда мемлекеттік грант алған аудан тұрғындарының ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтармен қатар, көпбалалы аналар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, асыраушысынан айрылған, атаулы әлеуметтік көмек алып отырған азаматтар бар. Қайтарымсыз грант алған азаматтар бүгінгі таңда кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңетуге осылайша мүмкіндік алды. Атап айтқанда, халықтың әл-ауқатын дамытуға бағытталған жоба аясында азаматтарды кәсіби білім беру бойынша оқуға жолдау, кәсіпкерлікті қолдау бағытында «Бастау Бизнес» жобасы мен өтеусіз негізде мемлекеттік грант беру және субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту қарқынды жүргізілуде, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сонымен қатар, жыл соңына дейін 19 мыңнан астам адамды бос жұмыс орындарына орналастыру жоспарланып, бүгінде 5293 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Ұлттық жобалар және азаматтардың жеке бастамалары негізінде қалада биыл 23 420 жұмыс орнын құру көзделген. Оның бүгінге дейін 12 500-ге жуығы ашылған, оның 12 203-і тұрақты жұмыс орындары. Ұлттық жобалар аясында халықты жұмыспен қамту шаралары алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.