Шымкент қаласындағы Бадам-1 мен Қаратөбе тұрғын алқаптарында жол салынуда
Шымкент қаласында жол құрылысына ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтсақ, биыл қаланың даму жоспарына сәйкес, шаһар тұрғындарына қолайлы орта қалыптастыру мақсатында орталықтан шалғай орналасқан шағын аудандар мен тұрғын алаптардың ішкі орам көшелерін жөндеуге басымдық берілген.
Қазір шалғай елдімекендердегі көшелерге асфальт төсеу жұмыстары қарқын алып отыр.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов шағын аудандарды жиі аралап, ондағы құрылыс жұмыстарын үнемі өзі бақылап отырады. Қала әкімінің айтуынша, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары Бадам-1, Қаратөбе тұрғын алаптарында жүргізілуде екен. Бадам-1 тұрғын алабының жалпы аумағы 22,2 шақырымды құрайды, онда ұзындығы 20,7 шақырым болатын жолға асфальт жол жабыны төселген. Қазір Баян батыр, Бірлік, Атауы жоқ №1, Бесшатыр, Ирисбеков көшесінің атауы жоқ тұйықтары және атауы жоқ №1,2,3,4,5 көшелері де орташа жөндеуден өтуде. Жоба бойынша бұл көшелерге 3,3 шақырым асфальт төселмек екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында автомобиль жолдарын қалыпқа келтіру, оны 2025 жылға қалаларда 100 пайызға жеткізуді тапсырды. Қазіргі таңда қалада жолы жөнделіп жатқан шағын аудандар қатары артып, көлік қозғалысы жақсара түскен. Жалпы, жыл соңына дейін елдімекендегі 4,6 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарланған. Ал Набережная көшесінің тұйықтарын орташа жөндеуден өткізу 2025 жылға жоспарлануда, - дейді қала әкімі.
Қаратөбе тұрғын алабының жалпы аумағы 22,7 шақырымды құрайды, оның 20,6 шақырымы асфальт жол. Мұрат Дүйсенбекұлы 1,2 шақырымдық Домбыралы көшесінің жол құрылыс жұмыстарын көрді. Жалпы, биыл бұл аумақта 3 шақырымды құрайтын 2 көше және 5 тұйық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жоспарлануда. Құрылыс енді Гүлабад, Бахриз Рамиз, Қапал батыр №1, 2, 3, 4 көшелерге, және тұйықтарға жүргізіледі. Ал Ризақ палуан, Жаңақұрылыс көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу 2024 жылға жоспарлануда.
Қала әкімі мұнда да мердігерлер жауапкершілігін арттыра отырып, жол құрылысын сапалы атқаруды ескертті. Сондай-ақ жұмыстарды үлестіре отырып, нысандарды мерзімінде қолданысқа беруде нақты тапсырмалар жүктеді.