Шымкент қаласында жас кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр
Шымкент қаласында кәсіпкерлікке бет бұрған жастар қатары артып келеді. Соның бірі - Дінмұхаммед Күмісбек. Ол небәрі 22 жаста. Жас кәсіпкер жиһаз шығарумен айналысады. Бүгінде оның жиһаз жасау цехында 10 адам еңбек етуде.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қазіргі таңда қалада отандық өнім өндірушілерге халықаралық нарыққа жол ашылған. Кәсіпкерлер өнімін көрші елдерге де еш кедергісіз шығара алады. Сонымен бірге республикамыздың қайсыбір түкпіріне болса да өнімін жеткізуге мүмкіндігі бар. Ол мүмкіндікке кәсібін жаңа ашып отырған Дінмұхаммед Күмісбек те қол жеткізе алады екен.
Мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер есік, тапсырыспен баспалдақ және жиһаз дайындайтын шеберхана ашқан. Жұмысшылардың жалақылары істеген жұмыс көлеміне қарай орташа есеппен айына 250 мың теңгені құрайды. Кәсіпкердің айлық табысы 2 миллион теңгеге жуық.
Іскер жігітке жаңа мүмкіндіктерді ашуда жастарға арналған жеңілдетілген несиенің көмегі тиген. Дінмұхаммед Күмісбек 2,5 пайызбен алған 5 миллион теңгеге қосымша құрал-жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтіп отыр. Тауарларын әлеуметтік желі парақшасы мен дүкен арқылы сатылымға шығаруда. Қазірдің өзінде тұрақты сатып алушылары бар.
- Қандай кәсіп болса да оны бастау қиын. Бастаған ісіңді соңына дейін жеткізу менің алға қойған мақсатымның бірі. Сол жолда аянбай еңбек етіп келемін. Көптен бері ойда жүрген мәселе, өзімнің жеке шеберханамды ашу болатын. Оған да қолымды мемлекеттің жастарға жасап жатқан қолдауының арқасында жеттім, - дейді жас кәсіпкер Дінмұхаммед Күмісбек.
«Біздің алдыға қойып отырған жоспарларымыз ауқымды. Барлығы да қаланың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Президентіміз «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты халыққа арнаған Жолдауында «Экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты еш өзгермейді. Оның мәні – сапалылық және инклюзивтік тұрғыдан халықтың әл-ауқатын арттыру» деп, алдағы бағытымызды айқындап берген болатын. Яғни, жаңа экономикалық бағдарымыздың басты басымдықтары жеке кәсіпкерлік бастамаларды ынталандыру, бәсекелестікті дамыту. Бүгінгі таңда қаламызда жастарға арналған 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алуға өтінім қабылдау әлі де жалғасуда. Мемлекетік қолдау 21 мен 35 жас аралығындағы азаматтарды қамтиды. Жас кәсіпкерлер 5 миллион теңгеге дейінгі несиені мал шаруашылығы жобалары үшін – 7 жылға дейін, кәсіптің басқа түрлері үшін – 5 жылға дейінгі мерзіммен ала алады. Кепілзат ретінде арнайы техника, жылжымайтын мүлік және жер учаскелері қабылданады. Кепілге қоятын мүлік болмаса кепіл берушіні тартуға болады. Өтінім беру үшін құжаттарды «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Шымкент қаласындағы филиалына тапсыру қажет» дейді қала басшысы.