Шымкент қаласында 3065 адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі

Oinet.kz 19-08-2023 514

Шымкент қаласында қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты 11 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы  жұмыс істейді. Бұл орталықтарда бір мыңнан астам маман халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Screenshot_17.jpg

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, жыл басынан бері орталықтарда 3065 адам оңалту шараларымен қамтылған.  Әлеуметтік қызметкерлер 936 азаматқа қызмет түрлерін үйлеріне барып көрсетеді. 

- Бүгінгі таңда орталықтың мамандары ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, өмірлік қиын жағдайларда қолдау көрсету мақсатында 8 бағытта қызмет көрсетіп келеді. Атап айтқанда, әлеуметтік-медициналық, тұрмыстық, педагогикалық, психологиялық, еңбек, экономикалық, мәдениет және әлеуметтік-құқықтық қызметтері бар. Оның ішінде үйде қызмет көрсету жағдайында ерекше балалардың денсаулығына қарай төсектен тұру, киіну, жуыну, тамақ ішу мәдениеті, серуенге шығу, сабағын дайындау секілді қызметтерді көрсетіп, қоғамға бейімдейді. Сондай-ақ арнаулы әлеуметтік қызметтер  психоневрологиялық ауытқуы бар, тірек-қимыл жүйелері бұзылған мүгедек балаларға, 18 жастан асқан психоневрологиялық ауруы бар азаматтарға, өзіне-өзі қызмет көрсете алмайтын жалғызілікті І-ІІ топтағы мүгедектер мен қарттарға стационар, жартылай стационар және үйде қызмет көрсету жағдайында жүзеге асырылады, - дейді қала әкімі. 

Бүгінде бұл саланың мамандарына артылған талап пен міндет те жоғары. Осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енген әлеуметтік кодекс аясында әлеуметтік қызметке мұқтаж адамдарға  әлеуметтік қызметкерлерді таңдау мүмкіндігі ұсынылуда. Осы мақсатта 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін әлеуметтік қызметкерлердің реестрі жасалады. Онда мамандардың біліктілігі, көрсететін қызметтердің түрлері мен сапасы, жұмыс нәтижелері туралы ақпарат енгізіледі. Бұл қызметті тұтынушыларға бәсекелестік ортадағы әлеуметтік қызметкерлерді таңдауға мүмкіндік береді. Әлеуметтік жұмысқа тек тәуелсіз кәсіби біліктілікті бағалау жүйесінен өткен, сертификатталған мамандар ғана жіберіледі. Сөйтіп саланың жұмысы жандана түспек. 

Шымкент қаласында бес жылда жеті жүз адам тұрғын үй сертификатына ие болған
Шымкент қаласында жас кәсіпкер 10 адамды жұмыспен қамтып отыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу