Шымкент қаласында жаңа оқу жылы қарсаңында 54 мыңға жуық оқушы мектеп формасымен қамтылған
Шымкент қаласындағы білім ошақтарының жаңа оқу жылына оқушыларды қабылдауға дайын. Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы Жанат Тәжиеваның айтуынша, шаһарда білім беру ұйымдары жаңа оқу жылында 48 мекемеге артып, жалпы саны 946-ға жеткен.
Оның 30-ы балабақша, 15-і мектеп, біреуі оқушылар сарайы жаңадан жұмысын бастайды.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында білім саласына баса мән берді. «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды» дейді Президент. Ал Түркістан қаласында өткен құрылтайда Мектеп оқушылары арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеу туралы да міндет қоя отырып, Мемлекет басшысы «Отаншылдық және мемлекетшілдік қасиет әр баланың бойынан табылуы керек» деп атап көрсетті. Оған қоса балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелейтін патриоттық ұйымдардың жұмысын жандандыру керек деп те тапсырма берді. Бұл мәселе бойынша мектепте алдағы оқу жылында шұғыл жұмыстар қолға алынуы қажет деп санаймын. Сондай-ақ, балалардың бойында елге құрмет, жерге сүйіспеншілік сезімдерін қалыптастыру, оларға экология туралы тәрбие беру үшін мектеп қабырғасында оқушылардың еріктілер клубтары құрылып, жүйелі жұмыс істеуі қолға алынады, - дейді Жанат Тәжиева.
Оның айтуынша, биыл 1-сыныпқа 27 мың оқушы қабылданып отыр екен. 53 893 оқушы мектеп формасымен қамтамасыз етілген. «Қазіргі таңда жазғы сауықтыру лагерлерінің жұмысы жалғасуда. Жалпы мемлекет есебінен 7241 бала, демеушілер есебінен 9474 бала қала сыртындағы лагерлерде демалуда. Жалпы 215 жазғы сауықтыру лагерлері балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырды», - деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ биылғы қыркүйек айында 2 845 орындық 30 балабақша, 18 мектеп пайдалануға беріліп, нәтижесінде, үш ауысымда оқитын 3 мектеп мәселесі жаңа оқу жылында шешілмек екен. Бұдан бөлек, Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті ОҚМПУ-мен бірлесе отырып қала мектептерінің 2023-2024 жаңа оқу жылына дайындығына мониторинг жүргізген. Сол мониторинг барысында басқарма басшысы жөндеу жұмыстары, материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі, бейнебақылау жүйесі, асхана, спорт залдарының, турникеттерінің болуы және жылдам басқару орталығына қосылу жұмыстары бойынша кемшіліктер анықталған бірқатар мекеме басшыларына ескерту берілгенін атап өтті.