Шымкент қаласында кәсіподақ төрағалары бас қосты

Oinet.kz 01-08-2023 225

Шымкент қаласында жұмысшылардың құқығы қорғалған. Бұл іспен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі айналысып келеді. Жуырда осы бірлестік төрағасы Бауыржан Әлтеев есеп берді.

Screenshot_27.jpg

Есеп-беру жиынына Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин қатысты. Сөйтіп ол «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің» Үйлестіру кеңесі мүшелерімен кездесіп, пікір алмасты.   

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеевтың айтуынша, бүгінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің құрамында 8 салалық кәсіподақ филиалдары және 7 жергілікті кәсіподақ бар. Жалпы Шымкент қаласында 313 бастауыш кәсіподақ ұйымы жұмыс істеуде.  Іс-шарада кәсіподақтар жұмысын жандыру, жұмысшылардың құқығын қорғау мәселелері талқыланып, ұсыныстар айтылды.

Жиында Бауыржан Әлтеев 2023 жылдың 6 айында атқарылған жұмыстарды баяндады. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында қалада 12 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылып, оған 2043 адам тартылыпты. 

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі Үйлестіру кеңесінің 2023 жылы 5 отырысы өткізілді. Онда кәсіподақтың күнделікті жұмыс барысында туындайтын өзекті мәселелері талқыланып, шешу жолдары қарастырылуда. 

Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ әрқашанда халықтың мүддесін ойлап, халықтың игілігіне жұмыс істейтін ұйым екенін атап өтті.

– Кәсіподақтың негізгі басты қағидаты – әлеуметтік әділеттілік. Біздің ортақ мақсатымыз – еңбек адамының әл-ауқатын арттыру, азаматтардың еңбек құқығын қорғау. Кәсіподақ – азаматтардың өз құқығын қорғай алуы, күш біріктіруі, әр адамның өз еркімен құратын ұйымы. Алда әлі де атқаратын жұмыс көп. Ендігі ретте бастауыш ұйым төрағалары ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын күшейту керек, – деген федерация төрағасы жиынды қорытындылап, қалалық кәсіподақ жұмысына жақсы баға берді. 


Шымкент қаласында тағы бір ауыз су сору магистралын салу жоспарлануда
Шымкент қаласында биыл үш ауысымды мектептер болмайды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу