Шымкент қаласында жастар мен төтеншеліктер судағы сақтық шараларын ұмытпауы ескертті
Шымкент қаласында бүгінгі таңда күннің ыстығы байқалады. Бұл мезетте қала тұрғындары көбінесе рұқсат етілмеген жерлерге, жағажайларға барып, салқындау үшін суға түсуде. «Шомыламыз деп, көп жағдайда қала тұрғындары сақтық шараларын ұмыт қалдырады.
Оның соңы қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін. Сол үшін қала аумағында алдын алу шаралары қолға алынып отыр», дейді Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Серғазы Кәрімұлы.
Әл-Фараби ауданы жастар ресурстық орталығы мен Төтенше жағдайлар басқармасы бірлесе отыра, Қошқар ата өзені бойында «Жазғы маусымда судағы жүріс-тұрыс ережелері» тақырыбында қала тұрғындарына үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Бұл шараның мақсаты – төтенше жағдайларда болуы ықтимал апат оқиғалары кезінде алғашқы көмек көрсете білудің қарапайым жолдарын үйрету және алдын алу. Ол шараға жастар көптеп тартылды.
Түсіндірме жұмыстарының барысында тұрғындарға суға шомылу барысындағы қауіпсіздік ережелері, балаларды үлкендердің қарауынсыз қалдырмауды сондай-ақ, белгіленбеген су арналарының жағалауында суға шомылуға қатаң тиым салынатынын хабарлап, қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынама парақшаларын тарқатты.
- Қазір теледидармен бірге, әлеуметтік желілерден күнде кем дегенде бір жағымсыз жаңалық естіп, оқитын болдық. Жасыратыны жоқ, өткен шомылу науқанында республикамыздың түкпір-түкпірінде түрлі жан түршігерлік оқиғалар орын алды. Біреуге жан қайғы болып жанталасып жатқан сәтте, қауіп-қатерге тап болған адамға көмектесуге әрекет етудің орнына, қолына дереу телефонын алып, алаңсыз бейнежазбаға түсіріп жататын жағдайлар да көбейіп кетті. Атап айтсақ, осыдан өткен жылы әлеуметтік желіде суға түскен 2 баланы құтқармақ болған екі құтқарушының өмірі қиылғаны жайлы қайғылы бейнежазбасы қызу талқыланды. Тіпті бұл оқиға Жамбыл облысының Меркі ауданында болғандығы жайлы да мәлімет тарады. Бірақ зерделеу жұмыстарының нәтижесінде оқиға көрші мемлекетте орын алғандығы анықталды. Дегенмен соңғы кездері еліміздің әр өңірлерінде суда қайтыс болу оқиғалары күн сайын дерлік тіркелетіні жасырын емес. Тіпті бірін бірі құтқарамыз деп бір отбасынан бірнеше адамның суға батып кеткенін де естіп жатырмыз. Осының бәрі қауіпсіздік шараларын сақтамаудың салдары екені анық. Сондықтан да бүгінгі шомылу кезеңінде сақтық шараларын естен шығармаған абзал. Бүгін біз қаламыздағы Төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесе отырып, тұрғындардың сақтық іс-шараларды ұмытпауы үшін осындай шара өткіздік, - дейді Серғазы Кәрімұлы.
Еске сала кетейік, Шымкент қаласының аумағында қазіргі таңда суға шомылуға рұқсат етілген 3 демалыс аймағы бар. Олардың ішіне қаламыздың орта бөлігінде орналасқан Қошқар ата өзені кіреді.