Шымкент қаласында жастар орталығы пробация есебінде тұрған жастарға психологиялық көмек көрсетуде
Шымкент қаласында қалалық әкімдіктің ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен пробация есебінде тұрған жастарға «Пробация» әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығында жеке психологиялық қабылдау ұйымдастырылды.
Ондағы мақсат – пробация қызметінің есебінде тұратын жастармен қоғамдық өмірге қатысу белсенділігі мен өзара қарым-қатынас мәдениетін арттыру, мінез-құлықтың әлеуметтік жағымды дағдыларын қалыптастыру болатын.
Психологиялық кеңесте бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаларға логикалық ойлау қабілетін, шығармашылық ізденісін, ой-қиялын арттыру, жаңа қоғамдағы адамгершілік, патриотизм сезімдерін дамыту бағытында жеке-жеке сұхбат жүргізілді. Сонымен қатар, көптеген психологиялық жаттығулар жасалып, сауалдарына жауап берілді.
Жалпы Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достығы және Орталық Азия елдерінің ішінде алғашқы болып пробацияның толық жүйесін қабылдаған - мемлекет. Елімізде түзету мекемелерінен шыққандарға әлеуметтік-құқықтық көмек беру ісі жолға қойылған. Осы орайда, Шымкент қаласының ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Пробация» әлеуметтік-құқықтық қызмет көрсету орталығында тағы бір іс-шара «Жаңа өмір» жобасы аясында оқыту семинары өтті. Оның мақсаты жоғарғы іс-шараға қарағанда өзгешелеу, атап айтсақ, басты мақсаты – жұмысқа орналастыру, емдеу, білім алуына жәрдемдесу, құжаттарын қайта қалпына келтіру, өзге де әлеуметтік-құқықтар мен психологиялық көмек беру.
Оған «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласы филиалының басшысы заңгері Айжан Кесебай, «Право» қоғамдық қорының медиаторы Динара Байсерикова, «Право» қоғамдық қорының психолог маманы Нұргүл Қарабек, М. Әуезов университетінің «Тарих және педагогика» факультеті «Психология және арнайы педагогика» кафедрасының магистр оқытушысы психолог маманы Ахатбай Алдиев қатысып, сала бағыттары бойынша пробация есебіндегі жастарға кеңес берді.
Пробация – адамдардың қайта қылмыстық құқық бұзушылыққа бармауы үшін мінез-құлқын түзеуге бағытталған қызмет түрі мен әлеуметтік-құқықтық сипаттағы шаралардың заңмен белгіленген жүйесі болып табылады. Қазіргі таңда 35 жасқа дейін 765 азамат сотталғандар есебінде тұр. Оның ішінде – 97 жас жұмыссыз болса, жұмыспен қамтылғандар саны – 585. Сондай-ақ пробация жастары арасында мектептен кейінгі оқу орындарын аяқтамаған жастарда бар. Ал, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған – 71 жас бар. Бір атап өтерлігі, жыл басынан бері Жастар ресурстық орталығының психологтары 160 жуық азаматқа психологиялық көмек көрсеткен.