Шымкент қаласында 35 субұрқақ іске қосылды
Шымкент қаласында бұған дейін 13 субұрқағы орнатылған болатын. Бүгінгі таңда көшеге көрік беріп тұратын 35 субұрқағы іске қосылып отыр. Үлкен мегаполист үшін қашанда таза ауыз су мәселесі өзекті. Қала тұрғындары мен қонақтарының көше бойынан таза ауызсуға деген қолжетімділігін арттыру мақсатында су бұрқақтар Тұран ауданында орналастырылған болатын. Ендігі кезекте көшеге сән беретін субұрқақтар шаһардың халық көп жүретін бөліктерінен ашылып отыр.
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, шіліңгір шілдеде шөл басатын судың көше бойында орналасуы қала халқы үшін тиімді. «Су – тіршілік көзі. Қоғамдағы барлық тіршілік салалары үшін су ресурстарының маңыздылығын айтып жатудың өзі артық. Елімізде осыдан 12 жыл бұрын басталған «Ақбұлақ» бағдарламасы соңғы үш-төрт жылдың көлемінде қарқын алғаны белгілі. Ол «Өңірлерді дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламалары және «Ауыл – ел бесігі» жобалары аясында жүзеге асырылып, қалаға қарасты елді мекендер де бүгінде таза ауыз судың игілігін көріп отыр. Ендігі кезекте шаһар халқына көше бойында субұрқақ қасында салқын ауамен тыныстап, ыстықтан бір мезгіл қорғануы үшін су бұрқақтарын орната бастадық. Шіліңгір шілдеде көлеңке іздеп сабылмасын деген ниеттен туған жоспар бүгінгі таңда көпшілік тарапынан қолдау тауып келеді», дейді Мұрат Әйтенов.
Жалпы жазғы маусым басталғалы бері қалада 35 субұрғақ іске қосылып, мегаполис тұрғындары мен қонақтарына кестеге сәйкес қызмет атқарып тұр. Субұрқақтар қаланың сәнін келтіріп, көркін ашады, сонымен қатар ауа-райының аптап ыстығында көшедегі жүргіншілердің сергіп салқындауына сеп болары анық.
Қаланың ішінде 8 субұрқақтың насосы жаңартылуда. Олар Әл-Фараби ауданындағы, Арбат гүлзарындағы, Имран сауда орталығы алдындағы субұрқақ, Жеңіс саябағы, Байтұрсынов-Жандосов көшерлеріндегі субұрқақ, Спорт гүлзары, Құрметті азаматтар аллеясындағы, әуежайдағы субұрқақтары. Сондай-ақ, Орталық саябақтағы және Қошқар ата өзеніндегі, яғни Ордабасы алаңындағы субұрқақтардың құбыры ретке келтірілді.
Ал Асар шағын ауданындағы әуенді субұрқақтары, Нұрсәт аллеясында орналасқан субұрқақтар жақында іске қосылуға дайын. Сонымен қатар Чернобыль субұрқағы – күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді.
Жаңа іске қосылған барлық субұрқақтарға автоматикалық жүйе орнатылуда.