Шымкент қаласында ретсіз сауда орындары ретке келтірілуде
Шымкент қаласында қала әкімі Мұрат Әйтенов қала көркі мен тәртібіне нұқсан келтіріп тұрған заңсыз сауда қатарларын ретке келтіру туралы тиісті басқармалар мен мекемелерге тапсырған болатын. Ол үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, тазалық пен тәртіп мәселесі бойынша жұмыстарын бастап кетті.
Мұндағы комиссия шешіміне сәйкес рейдтік іс шаралар жүргізіліп, заңсыз нысан иелеріне түсіндіру жұмыстары жүргізіліп тұрады. Комиссияның жұмысы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен қаладағы ретсіз сауда орындарын жоюға қатысты арнайы жиында да қаралған еді.
Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы аталған жиын барысында әр аудан бойынша ретсіз сауда орындарын болдырмау бойынша атқарылған жұмыстардың есебін тыңдады. Мәселен, қала бойынша 1500-ге жуық заңсыз сауда орындары анықталып, ҚР ӘҚБтК-нің 204 бабына сәйкес белгіленбеген орындарда ретсіз сауда жасаған тұлғаларға 1125 әкімшілік хаттама толтырылған. Сондай-ақ, 200-ден аса кәсіпкерге айыппұл салынып, 5 миллионға жуық айыппұл салынып, өндірілген. Нақтырақ айтсақ, заңсыз әрі ретсіз сауда қатары қаладағы «Қырғы базар», «Жабық базар», «Авто Нұр», «Жібек жолы» базарларында жиі кездеседі.
Сондықтан базар айналасындағы ретсіз сауда жасаған тұлғаларға аудан аумағында ұйымдастырылып жатқан жәрмеңкелерде сауда жасауға ұсыныс берілуде. Сонымен қатар ескерту берілген азаматтарға алдағы уақытта базар ішінен сауда орындарын тауып жайғастыру бойынша жұмыстар жүргізілген. Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы ұсынған бос вакансиялардың арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан тұрғындар да бар.
Ретсіз сауданы ретке келтіру мақсатында әлі де жұмыстар атқарыла бермек. Қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтау және абаттандыру үшін ең алдымен көшелердегі бей-берекет орналасқан сауда нүктелерін болдырмауды қол алып, тиісті шара көруді, барынша қаланың даму жолында жауапкершілік танытуды тапсырды.