Шымкент қаласында көпқабатты тұрғын үйлердің қауіпсіздігіне баса мән берілуде
Шымкент қаласында тұрғын үй мәселесі қашанда өзекті. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Нұрлы жер», «7-20-25» және тағы басқа бағдарламалар өз жемісін беруде. Ескі үйлердің орнына жаңасы салынуда.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтің айтуынша, шаһарда реновациялауға жатқызылған 6 үйдің орнына жаңа заманауи көппәтерлі тұрғын үйлер құрылысын салу жоспарланған. Бағдарлама шарты бойынша тұрғындарға жаңа көппәтерлі үйден пәтерлер беріледі. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда алты мекенжай бойынша тұрғын үй салуға қызығушылық танытқан инвесторлар бар. Олармен алдағы апталарда бірлескен келісім шарттар түзілгелі жатыр екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық экономика құрылымында баса мән беріп отырғаны халықты тұрғын үймен және басқа да инфрақұрылыммен қамту. Біз Президентіміздің Жолдауынан туындаған міндеттерді басшылыққа ала отырып жұмыс істеудеміз. Тұрғын үй мәселесін шешу мақсатында аталған тұрғын үйлерді қыркүйек айына дейін бұзу жоспарланған. Сонымен қа сейсмонығайту бойынша қала аумағында 36 үйге техникалық зерттеу жүргізілген болса, оның 13-не жобалық құжаттамасы әзірленеді. Ал қалған 23 үйдің техникалық зерттеу қорытындыларының мерзімі өткен. Бүгінгі таңда, қала бойынша 199 үй техникалық зерттеуді қажет етеді, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Сондай-ақ бірінші кезекте сейсмикалық нығайтуды қажет ететін 17 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу қорытындысын алу мақсатында бюджеттік өтінім ұсынылған. Сонымен қатар, техникалық зерттеу қорытындысына сәйкес, бірінші кезекте сейсмонығайту талап ететін 5 көппәтерлі тұрғын үйлерге жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге бюджеттік өтінім берілген.
Қала әкімі осы салаға жауапты басқарма басшылары мен «Shymkent» ӘКК» акционерлік қоғамының Басқарма Төрағасына бағдарламаны шұғыл бастау керектігін ескертіп, осы жылға белгіленген индикаторды орындауға тапсырма да берген болатын. Сондай-ақ Мұрат Дүйсенбекұлының мердігерлердің алдына қойып отырған басты талабының бірі – халық қауіпсіздігін алдын алып, қаладағы көпқабатты ғимараттарды сейсмонығайту шараларын талапқа сай жүргізу.