Шымкент қаласында өндіріс аймағын ұлғайту көзделуде

Oinet.kz 13-06-2023 255

Шымкент қаласында жалпы аумағы 869 гектарды алып жатқан 5 өндіріс аймағы жұмыс істеуде. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша бес өндірістік алаңда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылған. Жалпы көлемі 337 инвестициялық жоба іске асырылған.  

Screenshot_18.jpg

- Бүгінгі таңда өндірістік аймақтардың толымдылығы 90 пайыздан асты. Өндіріс алаңдарына қажеттіліктің артуына байланысты жаңадан 867 гектарды құрайтын 5 өндіріс аймағын құру жұмыстары жүргізілуде. Соның ішінде алдымен жаңадан 3 индустриалды аймақ ашып, «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағы мен Шымкент көлік-логистикалық аймағын кеңейту көзделуде. Бұл аумақтарда 400 миллиард теңгені құрайтын 284 инвестициялық жоба іске асырылады деп көзделуде. Онда 12 мыңға жуық жұмыс орындары құрылатын болады, - дейді Мұрат Әйтенов.

Жаңадан құрылатын аумақтардың екеуі қолданыстағы өндірістік алаңдарды кеңейту болса, қалғаны үшеуі жаңадан құрылатын алаңдар. Қазіргі таңда жалпы аумағы 306 гектарды құрайтын «Жұлдыз» индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылымның құрылысы жүргізіліп жатыр. Жаңа индустриялық аймақта машина жасау, фармацевтика, металлургия, жиһаз өнеркәсібі кіреді. Осы және құрылыс индустриясы салаларында 50 ірі инвестициялық жобаны іске асыру көзделген. Оған жұмысалатын қаражат көлемі 200 миллиард теңгені құрайды. Осы жобалар жүзеге асырылған жағдайда үш мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Бүгінде аталған аймақта инвестициялық құны 147 миллиард теңге құрайтын 42 жобаны жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде биыл инвестициялық құны 7 миллиард теңгені құрайтын бес жоба бар.  

Қала әкімінің айтуынша, Президент тапсырмасына сәйкес, өңірде  сауда-логистикалық орталығын кеңейте отырып, бүкіл оңтүстік өңірі үшін өңірлік – Хаб құру жұмыстары басталыпты. Бұл жобаны 2023-2027 жылдар аралығында іске асыру көзделген. Кеңейтілген индустриалды аймақта 47 миллиард теңгеге қосымша 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ал, «Стандарт» жеке индустриялық аймағына 30 миллиард теңге инвестиция тартылып, 150 жобаны іске асыру арқылы 2 мың жаңа жұмыс орынын құру межеленген.  

- Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде ауылшаруашылық өнімдерін терең өңдейтін өндірістік тік алаңдарын дамыту мақсатында аумағы 132 гектар құрайтын «Бозарық» тамақ өнеркәсібі агро-индустриялық аймағында инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің құрылысы жүргізілуде. Нәтижесінде  21 жобаға  23 миллиард теңге инвестиция тартылып, 1800-ден астам жұмыс орны ашу көзделіп отыр, – деді Мұрат Әйтенов. 

Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың алдын алатын жаңа басқарма құрылатын болды
Шымкент қаласындағы жол құрылыс жұмыстары жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу