Шымкент қаласында төтенше жағдайлардың алдын алатын жаңа басқарма құрылатын болды
Шымкент қаласында табиғи апаттар мен техногенді жағдайлардың алдын алу мақсатында жаңа басқарма құру жоспарлануда. Қазіргі таңда ауарайының жылуы табиғатқа қатты әсер етуде. Соңғы жылдары ғаламшарымызда ормандардың өртенуі жиі орын алуда. Биыл республикамыздың солтүстігі мен Абай облысында орын алып жатқан өрт оқиғалары бұл бағыттағы дайындық жұмыстарын күшейтуді талап етеді.
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Қуаныш Асыловтың айтуынша, қалада қала әкімдігінің жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасын құру көзделген. Жаңа басқарманың мақсаты – табиғи апаттар мен төтенше жағдайлардың алдын алу және оның салдарымен күресу.
Бұл мәселе кешегі күні Шымкент қаласындағы сегізінші шақырылған Шымкент қалалық мәслихатының кезекті төрттінші сессиясында да қаралған болатын. Сол сессияда қалалық мәслихат депутаттар бұл шешіммен келісетіндіктерін бір ауыздан білдіріп, жаңа басқарма ашу туралы қала әкімінің орынбасары көтерген ұсынысты қабылдады.
Сессияны Шымкент қалалық мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов ашып, жүргізсе, онда қала әкімінің орынбасары Қуаныш Асылов баяндама жасап, қала үшін өзекті деген мәселелерді көтерген болатын.
Сессия барысында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басқа да бірқатар шешімдер қабылданды. Атап айтқанда, депутаттар әкімдіктің Шымкент қаласының 2022 жылғы бюджетінің орындалуы туралы есебін тыңдады. Сонымен қатар Шымкент қаласының 2023 жылғы бюджеті нақтыланды. Бюджет көлемі 29 миллиард теңгеге ұлғайып, 642 миллиард теңге болып бекітілді.
Халық қалаулылары Шымкент қаласының стратегиялық даму жоспары басым бағыттарының орындалуы мен бірқатар басқармалардың атқарған жұмысы туралы есебін тыңдап, ведомствоаралық сипаттағы комиссиялардың дербес құрамын бекіту, бітқатар азаматтарға «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағын беру және өзге де мәселелер бойынша маңызды шешімдер қабылдады.