Шымкент қаласындағы Абай ауданындағы көшелер жарықтандырылуда
Шымкент қаласының Абай ауданына қарасты елдімекендерде жүргізіліп жатқан жоспарлы жұмыстардың ауқымы үлкен. Интернет желісін тарту, ауыз сумен, көгілдір отынмен, жолмен қамту жұмыстары да өз орнын тапқан. Осы жұмыстармен қатар көшелерді жарықтандыру жұмыстары да қатар қолға алынған.
Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы Мадияр Байымбетовтың айтуынша, Абай ауданында қала әкімінің тапсырмасына сәйкес көшелерге жарық шамдар орнату жұмыстары нәтижелі жүзеге асырылып жатыр екен.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында моноқалалармен қатар мегаполистерді әлеуметтік-экономикалық дамыту ісіне ұдайы көңіл бөліп келеді. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстардың жандана бастағанына он жылдан аса уақыт болды. Осы уақыт аралығында экономикамызды дамытуға едәуір үлес қосып отырған шағынаудандардың шырайы кіріп, ажары ашылып, көптеген түйткілді мәселелер оңынан шешілді. Соның ішінде Абай ауданы да бар. Мәселен, Абай ауданында 2021 жылдан бастап мемлекеттік жекешелік әріптестік аясында әлеуметтік маңызы бар көшелер жарықтандырыла бастады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2021 жылы 40 көше, 2022 жылы 28 көшеге жарық шамдар орнатылды. Биыл 50 көшені жарықтандырғалы отырмыз, - дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда бұл аудандағы елдімекен ішілік көше жолдарымен қатар көше жарығын орналастыру жұмыстары қатар жүргізілуде. Ауданының мекемелері мен тұрғындарының күнделікті тыныс-тіршілігі қалалық электр желісі мекемесінің атқарып жатқан жұмыстарына тығыз байланысты. Бұл шағынауданның техникалық прогресінің алға басуына серпін берері анық. Монымен биыл Абай ауданындағы 50 көшеде жарықтандыру жұмыстарын жүргізу үшін тиісті құжаттар жинақталуда. Оның құрылыс жұмыстарын 2024 жылы аяқтау көзделген. Сонымен мұндағы жарықтандырылған көшелер тағы 17 пайызға арттатын болады.