Шымкент қаласында жол сапасы бақылауға алынған
Шымкент қаласында бүгінгі таңда жол-құрылыс жұмыстары барлық бағытта жоспарлы жүргізілуде. Қаладағы асфальт жолдың жақсы және қанағаттанарлық үлесі бүгінде 67,4 пайызды құрап отыр. Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, қаладағы жол инфрақұрылымын дамыту, жол сапасы мен көшедегі көлік қозғалысын реттеу – маңызды басым бағыттардың бірі болып табылады.
- Мемлекет үшін экономиканың басты күре тамыры – жол. Бір сөзбен айтсақ, жол инфрақұрылымы арқылы экономиканың көптеген салалары дамитыны белгілі. Қазақ «Атың барда желіп жүріп жер таны, асың барда беріп жүріп, ел таны» дейді. Бұрынғы бабаларымыз аттың қомында желіп жүрсе, бүгінгілер темір тұлпар тізгіндеп, жол рақатын сезіп келеді. Әсіресе соңғы жылдары елімізде автомобиль жолдарының құрылысы қарқын алып, жақсы жолдар үлесі артуда. Соның ішінде Шымкент – автокөліктің көбеюі бойынша елімізде көш бастап тұрған қалалардың бірі. Осыған орай, соңғы жылдары қалада жол құрылысы бұрын соңды болмаған қарқынмен дамып келеді. Атап айтқанда, қазіргі уақытта Ташкент - Алматы бағытында қаланы айналып өтетін негізгі магистралды А-2 автомобиль жолын қайта жаңарту жұмыстары атқарылуда. Онда 31 шақырым, 8 кезең бойынша жол құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде 1-ші және 3-ші кезеңінің құрылыс жұмыстары, Бадам өзенінен өтетін көпірдің құрылысы аяқталды. Биыл 2-ші және 4-ші кезеңді толығымен аяқтау жоспарланып отырмыз, - дейді қала басшысы.
Бұдан бөлек, 16 шақырым «Оңтүстік айналма жолының» құрылысы жанданып келеді. Аталған нысан Шымкент қаласы аумағымен қатынайтын транзиттік және басқа да автокөліктердің айналма жолмен қатынап, қала аумағындағы көлік кептелісін азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігіне септігін тигізбек.
- Біз жол сапасына да басымдық беріп келеміз. Жол сапасын арттырудың тағы бір жолы – жол құрылысына әлемдік үлгідегі жаңа технологияларды пайдалану. Соңғы жылдары бұл бағытта қаламызда реджувасил, миркосюрфейсинг, суық ресайклер және қиыршық тасты мастикалық асфальт-бетон, суық ресайклер технологиясы кеңінен қолданылып, өзінің оң нәтижелерін беруде. Жол қадірін жолаушыдан артық білетін адам жоқ. Кешенді жоспарлар мен бағдарламалар жол сапасын арттыруға өз септігін тигізетін болады. Ал жолдардың жасалуы мен оның сапасыбақылау қала билігінің назарында бола бермек, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Осы ретте тағы бір атап өтерлік нәрсе, жол құрылысы жұмысының жандануымен қатар жолдардағы көлік жүктемесінің артуы жол бойында орналасқан елді мекендерде шағын кәсіпкерліктің дамуына ықпал етеді деген болжам да бар.