Шымкент қаласында оқушылар сарайының құрылыс жұмыстары аяқталды
Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағын ауданында құрылыс жұмыстары алдыңғы жылы басталған Оқушылар сарайы пайдалануға берілді. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, нысанның құрылыс жұмысы 2021 жылы басталған. Оның мердігері болып «BI-Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі табылады.
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында білім саласын дамытуға, әлемдік озық үлгідегі технологиялармен жабдықтауға басымдық берген. Жастардың білім алуын алдыңғы орынға қойып отырған президентіміздің бастамасымен бүгінде «Жайлы мектеп» жобасы да қабылданып, республика көлемінде жүзеге асырылуда. Бұл жобаға енген мектептер қаламызда да бар. Ал кеше «BI-Global» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмысын жүргізген нысан, жаңа оқушылар сарайының құрылысы аяқталып, ел игілігіне беріліп отыр. Бір жарым жылға созылған оқушылар сарайының сыйымдылығы 500 орындық. Таяу арада Оқушылар сарайы мемлекеттік мекеме ретінде балалар игілігі үшін пайданалуға беріліп, жүзге жуық қызметкер жұмысқа тартылатын болады, - дейді қала әкімі.
Балалар шығармашылығын дамытуға арналған орталықта бір мезетте 500 бала шығармашылықпен айналыса алады. Мекеме тәулігіне 4 ауысымда жұмыс істеуді жоспарлап отыр, яғни жоба бойынша күніне 2000 бала қабылдануға мүмкіндігі бар.
Шаһар басшылығының айтуынша, жаңа орталық оқушылардың қабілетін шыңдап, талант көзін ашып, ой-өрісін дамытатын болады.
- Жалпы алаңы тоғыз жүз мың шаршы метрді құрайтын, үш қабатты ғимараттың ішінде оқушылар үшін бассейн, күрес, жекпе-жек және үстел теннисі залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма үйірмесі, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау залы бар. Ғылыми техникалық бөлігінде 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, ал гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелерін табуға болады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сонымен қатар футбол алаңы, баскетбол, волейбол, воркаут, балалар ойын алаңы оқушылардың сабақтан тыс уақытын тиімді пайдалануға арналған, - дейді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.