Шымкент қаласының әкімі шаһар тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдады
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов кезекті рет халықпен кездесіп, олардың мәселелерін тыңдады. Мемлекет басшысының Жарлығын сәйкес бүгінгі таңда барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулері жалғасуда.
Азаматтарды бірыңғай қабылдауы «Көрме» орталығында кезекті рет өтіп, оған қаланың прокуратура, полиция өкілдері, әкімнің орынбасарлары, аудан әкімдері мен басқарма басшылары қатысты. Сөйтіп қала әкімімен бірге азаматтардың өтініштерін тыңдап, олардың шешу жолдарын бірлесе қарастырды. Мұрат Дүйсенбекұлы тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір мәселені жеке тыңдап, жауаптыларға тиісті тапсырмалар берді.
Жалпы қала әкімінің қабылдауына 300-ден астам адам келіп, әртүрлі мәселемен келіп, сантүрлі салаға қатысты талап-тілектері мен ұсыныс-өтініштерін жеткізген еді. қабылдауда болған тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің басым көпшілігі тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жер мәселесі, жол және инфрақұрылым, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларына қатысты болды.
- Біз Президентіміздің Жарлығына сәйкес халықпен жиі кездесулер өткізіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдап, олар көтерген мәселелердің шешу жолдарын қарастырамыз. Халық тарапынан жиі көтерілетін мәселе, бұл – баспана. Содан кейін жер мәселесі. Біз қолымыздан келгенше заң шеңберінде ақыл-кеңесімізді айтып, бағыт-бағдарымызды береміз. Қалаға кіретін шағын аудандардан түсетін сұрақтардың дені жол, инфрақұрылымға қатысты. Бұл бағытта шаһардың үш жылдық бас жоспары жасалған. Ол бойынша барлық бағытта құрылыс жұмыстары рет-ретімен атқарылуда. Біз әрбір тұрғынды тыңдап, оның жеке мәселелерін заң талаптары аясында шешіп беруге күш саламыз, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Азаматтардың кей талап-тілектері қабылдау үстінде шешімін тапса, енді бір басқа да ұсыныстар мен талап-тілектер хаттама негізінде назарға алынды. Сондай-ақ қабылдауға келген тұрғындарға жұмыспен қамту шараларына, баспанамен қамтуға, кәсіпкерлікке қатысты түрлі мемлекеттік бағдарламалардың шарттары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Тұрғындар арасында қаланың дамуына қатысты ұсыныс, жобаларын таныстырған белсенділер де болды. Қала әкімі мегаполистің тыныс-тіршілігіне бей-жай қарай алмайтын азаматтарға ризашылығын білдіріп, қолдау көрсетті.
Көтерілген барлық мәселе қала әкімінің тікелей бақылауында. Мұрат Дүйсенбекұлы жауаптыларға халықпен кері байланыс орнатып, туындаған мәселелерді шұғыл шешу бойынша тапсырмалар жүктеді.