Шымкент қаласында қайтарымсыз грант беру жаңа мүмкіндіктерге жол ашады
Шымкент қаласында биыл «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» Ұлттық жобасы шеңберінде 447 адамға мемлекеттік грант беру жоспарланған. Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, халықты жұмыспен қамту орталығына келіп түскен өтініштер төрт лек бойынша комиссияда қаралып, мақұлданады екен.
Алғашқы лекте шымкенттіктерден 3100 өтініш түсіп, оның 115-і грант ұтып алған.
- Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауды еліміздің биылғы және алдағы дамуы мен өркендеуінің тыңғылықты түрде әзірленген жоспары деуге негіз бар. Онда қол жеткізген жетістіктеріміз бен шешілуі тиіс мәселелердің бірде-бірі ұмыт қалмаған, қоғамды толғандырып жүрген жағдайлардың барлығының жөн-жобасы айқындалып, оларды оңтайлы шешудің жолдары көрсетілген. Президентіміз экономикамыздың барлық саласын қамти отырып, әр салада атқарылуы тиіс міндеттерді белгілеп берді. Соның ішінде халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласы бойынша да біз өзімізге бекітілген міндеттерді жүзеге асыру бағытында тиісті жұмыстарды атқарып келеміз. Бүгінгі таңда Мемлекеттік грант алған қала тұрғындарының 17-і мүмкіндігі шектеулі азамат, 58-і көпбалалы ана, 15-і мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналар, 12-і асыраушысынан айрылған, 13-і атаулы әлеуметтік көмек алатын аналар. Қайтарымсыз грант алған азаматтар кәсібін дөңгелетіп, ісінің аясын кеңетуге осылайша мүмкіндік алды, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Шымкент қаласында қазіргі таңда мемлекеттік грант берудің екінші кезеңі бойынша өтініштер толық қабылданған. Бұл жолы 2893 азамат комиссияға бизнес-жобасын ұсынған. Жобасын комиссия алдында қорғап шыққан үміткерлердің нәтижелері «Business.enbek.kz» порталындағы жеке кабинеттеріне хабарлама ретінде жолданады.
Жалпы, мемлекетіміздің әлеуметтік саясатын, соның ішінде Президенттің Жолдауындағы әлеуметтік мәселелерді іске асыру Шымкент қаласының халықты жұмыспен қамту орталығы тарапынан негізгі үш бағытта жүзеге асырылуда. Олар: халықты жұмыспен қамту, аз қамтылған отбасыларға жәрдемақылар төлеу, мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету. Мемлекетіміздің ең пәрменді әлеуметтік саясаты өнімді еңбекке ынталандыру және жаңа жұмыс орындарын жасақтау болып табылатындықтан, Президенттің Жолдауларында халықты тұрлаулы жұмыспен қамту мәселелеріне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бір атап өтерлігі, мемлекеттік грант қаражаты – ісін жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге өздерінің бизнес-әлеуетін ашуға, өндірісті жолға қоюға және дамытуға, сол арқылы өзін тұрақты табыспен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Әр қатысушы оны тек бір рет ғана ала алады, - дейді қала әкімі.