Шымкент қаласында мұнай-газ кластері саласында үш жоба іске асырылады
Шымкент қаласында мұнай өңдеу саласында 14 кәсіпорын жұмыс істейді. Солардың қатарында «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» және «HILL Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері де бар.
Қала әкімі Мұрат Әйтеновтың айтуынша, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі республикадағы мұнай өңдейтін үш зауыттың бірі.
- Мұнай өндірісі аймақтың экономикалық қуатын арттырып келеді. Бұл салада жұмыс істеп отырған серіктестікте автомобиль бензиндері, дизель отыны, авиациялық керосин, сұйытылған газ, қыздырғыш мазут, вакуумдық газойл өндіріледі. Зауыттың өндірістік қуаты жаңғыртудан өткеннен кейін өнім көлемі ұлғайып, қазір жылына 6 миллион тонна мұнай өңдеуде. Қазіргі таңда зауытта 1800 адам еңбек етуде, - дейді қала әкімі.
Ал «HILL Corporation» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі майлау материалдарын өндірумен айналысады. Кәсіпорын моторлы, трансмиссиялық, компрессорлық, газ, турбиналық жағармай материалдарын және өзге де пластикалық майларды шығаруда. Зауыт жылына 100 мың тонна майлау материалдарын, 28 мың тонна пайдаланылған майларды регенерациялауға және 1500 мың тонна майлау материалдары шығаруға қауқарлы. Кәсіпорында 200 адам жұмыс істеуде.
- Бүгінгі таңда алдымызда жүзеге асырылатын айтулы жобалар тұр.
Атап айтсақ, алдағы үш жылда қала аумағында мұнай қалдықтарын шикізат ретінде қайта өңдейтін үш жобаны іске асыру көзделген. Оның бірі «Hill Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жобаның жалпы құны 270 миллиард теңгені құрайды. Жылдық қуаты 500 мың тонна мазутты қайта өңдеу. Екінші жоба «Алмэкс Полимер» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұсынып отырған ұнтақты полипропилен өндіру зауыты. Жоба құны 38 миллиард теңгені құрайды. Жылдық қуаттылығы 80 мың тонна. Аталған жоба 2023-2029 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының отын-энергетика кешенін дамыту тұжырымдамасына қосылды, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.
Қала әкімінің айтуынша, үшінші жоба «Эколайф Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асыратын құрамында мұнай бар және басқа да қалдықтарды кәдеге жарату зауыт. Оның жобалық құны 500 миллион тенге. Жобаны жүзеге асыру мақсатында «Жұлдыз» индустриялық аймағынан жер телімін алу бойынша инвестор тарапынан тиісті құжаттар ұсынылып, өңірлік үйлестірушілер кеңесінің оң қорытындысын алыпты.
- Бұл жобалар қала экономикасының дамуына соны серпін әкеледі деген сенімдеміз. Бұл жобалар жүзеге асырылса жүздеген тұрақты жұмыс орындары ашылатын болады. Қазіргі таңда, аталған жобаларды шикізатпен қамтамасыз ету бойынша «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келіссөздер жүргізілуде, - дейді Мұрат Дүйсенбекұлы.