Ағын су мәселесі шешімін тапты
Түркістан облысы Келес ауданына қарасты Ақтөбе ауылдық округі аумағындағы тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін кезекке тұрған азаматтарға беру үшін Қаратөбе елді мекенінен 40 гектар және Ғ.Мұратбаев 20 гектар аумаққа жер учаскілерін бөлу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта инфрақұрылым жұмыстары жүргізіліп кезекте тұрғын азаматтарға берілетін болады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.
Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев ақтөбеліктермен жыл басынан бері төртінші рет кездесіп, мәселелерін тыңдады. Өткен кездесулерде айтылған түйіткілдердің шешілу деңгейін баяндап өтті. Жалпы жыл басынан бергі кездесулерде Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындары жиырмаға тарта нақты мәселелерді көтерген. Көтерілген мәселелердің дені шешімін тапса, қалғаны орындалу үстінде.
Атап айтқанда Жуантөбе, Көгерту, Ескіқорған Ғ.Мұратбаев елді мекендеріне 2024-25 жылдары жаңадан 600 орындық мектеп салынса, Жуантөбе, Кеңдала, Жаңадәуір, Көгерту, Ақжар, Ескіқорған, Құйған, Қияжол елді мекендерін ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында жер асты су қорын зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы жер асты су қорынын он қортындысын ұсынған жағдайда сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленетін болады. 2022 жылы аудан бюджетінен Ақтөбе ауылдық округіндегі Есікше каналы(3 шақырым), Алшын каналы (2,5 шақырым), Мектеп қашыртқы (3 шақырым), Қыпшақ қашыртқыларына (4 шақырым) механикалық тазалау жұмыстары жүргізіліп, сонымен қатар егістік жерлерге су аз жеткізілуінің алдын алу мақсатында Оймауыт және СТК каналдарына суды кезекпен бөліп беру кестесі түзілді. Осылайша ағын су мәселесін түбегейлі болмаса да вегетациялық кезеңде шешімін тапты.
Аудан басшысының жергілікті тұрғындармен кездесу барысында инфрақұрылым жүйелері, жайылым жер, мәдениет үйіне қатысты сұрақтар қойылып, жауаптары берілді. Бірқатар мәселелер хаттамалық тапсырма ретінде аудан әкімі бақылауына алды. Кездесу соңы жеке қабылдауға ұласып, шешім жолы талқыланды.
Келес ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі