Мақтааралдың әкімі көшпелі кездесу өткізді
Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы" Жарлығына сәйкес, қоғамды одан әрі демократияландыру, елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын және жауапкершілігі мен есептілігін арттыру мақсатында және бекітілген жоспар бойынша Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің тұрғындарымен көшпелі кездесу өткізді.
Жиын барысында аудан басшысы жыл басынан бері атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндама жасап, алдағы атқарылатын жұмыстар мен жобалар туралы кеңінен ақпарат берді. Сонымен қатар, кездесуде Бақыт Насырханұлы халықты толғандырған әлеуметтік мәселелерге баса назар аударып, округтегі өзекті мәселелер және оның шешімі туралы айтып өтті.
Жиын соңында халыққа ашық микрофон ұсынылып, тұрғындар аудан әкіміне өздерін толғандырған сұрақтарды қойды. Тұрғындар негізінен газ тарту, ауыл шаруашылығы, тік дренажды ұңғымалардың мәселесін, аяқ жол мен жарық шамдардың мәселесін көтерді.
Аудан басшысы мәселе көтерген және сұрақ қойған әрбір тұрғынға кезекпен жауап беріп, мәселесін жеке айтамын деген тұрғындарға жеке қабылдауын өткізді. Қабылдауға құқық қорғау органдардың басшылары, тиісті сала басшылары және аудандық мәслихаттың депутаттары қатысып, мәселесін көтеріп келген әрбір тұрғынға қанағаттанарлық жауаптар берілді.
Мақтаарал ауданы әкімінің баспасөз қызметі