Тігіншілікті кәсіп еткен Тұрсынай
Қазір кәсіп ашамын деген адамға мүмкіндік қай кезгіден де көп. Тек нақты жоспар құрып, тірлікке батыл кіріссеңіз болғаны. Алдына мақсат қойып, сол жолда тынбай еңбектеніп жүрген жандардың бірі – ордабасылық Тұрсынай Шабданова.
Ол 1983 жылы Төрткүл ауылдық округінде көпбалалы отбасыда өмірге келген. Шымкенттегі дарынды балаларға арналған №69 экономика және құқық лицейін бітірген. Тұрсынай – ІІ топтағы мүгедек. Осының салдарынан кезінде мамандық алудың да сәті түспеді. Бірақ, өмірдің барлық қиындықтарына қарамастан, ол өз ісін ашып, несібесін адал еңбектен тауып жүр.
– 15 жыл денсаулығыма байланысты үйде отырдым. Алла сәтін салып, Нұр-Сұлтан қаласына ем іздеп барып невропатолог-эпилептолог дәрігерге қаралдым. Содан ол кісі жазып берген дәрілерін уақтылы ішкеннің арқасында бір айда-ақ жағдайым жақсара бастады. Бүгінде бұл дерттен айығып кеттім. Алты ай сайын Нұр-Сұлтан қаласына барып, тексеруден өтіп тұрамын. Тігіншілік кәсіпті осыдан 4 жыл бұрын бастадым. Денсаулығым жақсарып, енді-енді үйден шығып жүрген кезім еді. Көйлегімнің етегі ұзын болып соны қысқартайын деп ауылдағы ательеге кірдім. Тігін шеберханасындағы машинаның дыбысы бұлақтың даусы сияқты ерекше әсер етті. Сондағы тігіншінің құрақ құрап отырғаны, ондағы түстердің үйлесімділігі көзіме оттай басылды. Содан бастап тігіншілікке деген қызығушылығым артты. Сол жердегі тігіншіден ақыға тігіс тігуді үйретуді сұрадым. Ол кісі «ақша бермей-ақ қой, келе бер» деп құрақ құрауды, қыздың жасауын тігуді үйретті. 2018 жылы ауылдан өз тігін шеберханамды аштым. Сол жылы тұрмысқа шықтым. Қазір тігіншілік менің өмірімнің мәніне айналды, – дейді ол.
Тұрсынай осылайша кәсіп бастап, ауыл орталығынан «Қыз жасауы» ательесін ашады. Тағдырдың салған тәлкегіне мойымаған ол ешкімге алақанын жаймай, өз еңбегіне, өз қайратына сенуде. Иненің иірімін еркіне бағындырған шебер бүгінде қыз жасауының сан-алуан түрін тігеді. Тұрсынай тіккен құрақ көрпелер көпшіліктің көңілінен шығып, ауыл тұрғындарының сұранысын өтеуде.
– Тігін шеберханасын жай аша салған жоқпын, бұл саланың қыр-сырын толық игеру үшін арнайы сабақ алдым. Қолөнер шеберлерінен кеңес алып, бір жылдай қалада оқыдым. Содан кейін барып жалға ғимарат алып, кәсібімді бастадым. Тігін машинасын несиеге алдым. Бастапқыда тапсырыстар сирек түсетін. Қазір дәл біздің – тігіншілердің науқаны. Әсіресе сүндет той мен қыз жасауына тапсырыстар көптеп түсуде. Желтоқсан айына дейін жұмыс жақсы жүреді. Үш ай қыста жұмыс бәсеңдейді. Аллаға шүкір, табысым дәрі-дәрмегіме, бір жылда екі рет Астанаға барып дәрігерге қаралып келуіме, жүріп-тұруыма жетеді. «Бақыттың кілті – еңбекте» дегендей, шынайы еңбектің ырысы мен несібесі мол дейді кейіпкеріміз.
Тұрсынайды толғандырып жүрген идеялар аз емес. Ал, оларды жүзеге асыру үшін шеберханадағы машиналардың мүмкіншілігі жетпейтін көрінеді. Ол көрпе тігетін машина алып, тігін цехын ашсам дейді. «Қыз жасауын ыдыс-аяғы, жүгімен қосып шығарсам деген арманым бар. Ол үшін қаражат керек. Мемлекеттік бағдарламаларға да қатыспақшы болдым, алайда, грантқа қатыса алмайсыз деп шығарып салды. Тағы бір барғанымда мүмкіндігі шектеулі жандарға биыл мүмкіндік жоқ деді. Әр есікті бір тоздырып жүруге денсаулығым жарамайды. Ең төменгі пайызбен кепілсіз несие алсам деймін. Өзім мүмкіндігі шектеулі жанмын, бір үйдің келінімін, менің атымда қандай дүние болсын?! Біз сияқтылардан кепілге зат сұрамай-ақ несие берсе жақсы болар еді» деп өкінішін білдірді Тұрсынай Шабданова.
Биыл тігінші Алматы қаласында өткен «Шабыт шеберлер» фестиваліне қатысып, еліміздің кәсіпкерлігіне қосқан үлесі үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Адам өзінің жан рахатына бөленетін сүйікті ісін тапқанша, бірнеше жұмыс түрін атқаруы мүмкін. Көптеген жыл жанына рахат сыйлайтын ісін іздеген Тұрсынай Шабданова бақытын тігіншіліктен тауыпты. Ол бүгінде жеке кәсіпкер атанып, көпшілікке қызмет етіп отырғанына қуанышты. Кәсібінен тапқан табысы да берекелі екенін айтады.