Таскескенде жаңа мектеп бой көтереді
Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев мемлекет басшысының "Әкімдердің халықпен кезесуі туралы" Жарлығына сәйкес Тегісшіл ауылдық округінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі дәрігерлік емхана салу, жол кедергілерін орнату, аяқ жол салу, электрмен қамтамасыз ету, спорт алаңшасын салу, қоқыстарды тазалау туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде, аудан басшысы Тегісшіл елді мекеніндегі Сералы ата және Қ.Кемелбеков көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында қаржы бөлініп, ағымдағы жылы аталған көшелерге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Сонымен қатар, Таскескен 2 елді мекеніне жаңа мектеп ғимаратын салу үшін ауыл іргесінен 2,98 га жер ажыратылып, жер таңдау актісі жасалған. Қазіргі таңда жерге орналастыру жобасын жасалып, мемлекеттік актісін алу жұмыстары жүруде.
Кездесуден кейін, аудан басшысы ауыл тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың жайылым жер және қоғамдық жұмысқа жолдама беру мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді.
- Тегісшіл ауылдық округінде жайылым жер мәселесін шешу мақсатында Мәдениет елді мекені аумағынан 1084 гектар жер ортақ жайылым ретінде пайдалануға ажыратылып, бекітіліп берілген. Сондай-ақ, аталған мәселені шешу мақсатында қазіргі таңда ауылдық округтерде диқандармен ортақ меморандум жасалуда,-деді аудан басшысы.
Кездесуде аудан басшысы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған спорт алаңшасын салу өтінішіне орай, спорт алаңшасын салуға бөлінген жерге арнайы барып танысты. Аудан басшысы спорт алаңшасын салудағы мәселелерге қанық болып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.
Аудан әкімінің қабылдауына алдын ала жазылған тұрғындар сонымен қатар қашыртқы каналын тазалау, айналма жол салу, заңсыз құрылыстар, ауыз су, асфальт жол салу, жарықтандыру, табиғи газбен қамтамасыз ету, жайылым жер мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді.
Тұрғындардың мәселелерін жіті тыңдаған аудан басшысы өтініштерге заң аясында жауап беріп, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытылы заң шеңберінде шешуді тапсырды.
Аудан әкімі Мұхит Отаршиев Тегісшіл ауылдық округіне жасаған сапары барысында ауыл тұрғыны Ұлту Ибрагимованың үйінде болды. Аталған елді мекенде тұрғындардың өзекті мәселесіне айналған табиғи газ бен ауыз су осы күнге дейін болмаған. Бүгінгі таңда Тегісшіл ауылдық округіне қарасты Таскескен, Мәдениет және Тегісшіл елді мекендері табиғи газбен және ауыз сумен қамтамасыз етіліп, тұрғындардың игілігі үшін пайдалануға беріліп отыр. Осы қуанышқа куә болған 80 жастағы қарт ана аудан әкіміне ауылдық округке табиғи газ және таза ауыз су қосылғанына өз ризашылығын білдіріп, ауданымыздың дамуына үлес қосып жүрген ел ағаларына ақ батасын берді.
Айта кетсек, 2020 жылдан бастап Тегісшіл және Мәдениет елді мекендері таза ауыз сумен қамтамасыз етілген болса, былтырғы жылы Таскесен 2 елді мекеніне мердігер мекеме «Корпарация Силур» ЖШС-і тарапынан таза ауыз су құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп, осы жылы елді мекенге ауыз су беріле бастады. Бүгінгі таңда ауылдық округ бойынша жалпы 1216 тұрғын үйдің 1136-сы (93,4%) таза ауыз сумен қамтылған.
Сонымен қатар, ауылдық округтің елді мекендері табиғи газбен де қамтылуда. Атап айтсақ, 2021 жылы берілген табиғи газды бүгінгі таңда Тегісшіл, Таскескен және Мәдениет елді мекендерінде орналасқан жалпы 853 тұрғын үйге табиғи газ берілді. Ал қалған тұрғын үйлерге «ҚазТрансГаз» аймақ АҚ-нан атқарушылық техникалық құжаттары дайын болуына қарай тұрғындар өздері келісім-шартқа тұрған мердігер мекемелер арқылы газ есептегіш жәшіктен тұрғын үйге қосу жұмыстарын жүргізуде.