Көктерек сапалы электр қуатымен қамтамасыз етіледі
Сарыағаш ауданының әкімі Мұхит Отаршиев Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес Көктерек кентінің тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелері мен ұсыныстарын тыңдады. Алдымен аудан басшысы алдыңғы кездесуде тұрғындар тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлердің орындалуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тоқталып, содан кейін алдағы жоспарларымен бөлісті.
Жиын барысында тұрғындардың басым бөлігі қоғамдық жұмысқа тартылғандардың жалақысын көбейту, тұрғын үй салу үшін жер учаскесін беру, қаңғыбас иттерді жою, қоқысты белгіленген кестеге сәйкес жинау туралы өтініштері мен пікірлерін айтты.
Өз кезегінде аудан басшысы Көктерек кенті, Абай көшесі бойында орналасқан тозығы жеткен аяқ жолға жобалық сметалық құжаттамасы дайындалып, жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы қаралып, бүгінгі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсына қойылып, жеңімпаз мердігер анықталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталатынын мәлімдеді.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы Көктерек кентін сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету құрылысы үшін республикалық бюджеттен қаржы бөлінген, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Жеңімпаз мердігер мекеме анықталған соң, 60 шақырым электр желілері және 15 дана трансформатор орнату үшін құрылыс жұмыстары басталатын болады.
Кездесуден кейін, аудан басшысы кент тұрғындарын жеке қабылдады. Қабылдауға келген тұрғындардың мектепті және кәріз жүйелерінің тазартқыш қондырғыларын күрделі жөндеуден өткізу мәселелері бойынша өтініштерін тыңдап, заң аясында жауап берді. Сондай-ақ аудан әкімінің қабылдауына алдын ала жазылған тұрғындар коммуналдық тұрғын үй беру, жер кезегі, мектеп құрылысы, жарықтандыру, әлеуметтік және жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері кезекке сәйкес және бөліп берілетін бос аумақтардың инфрақұрылымының дайын болуына қарай берілетіндігін атап өтті. Тұрғындардың мәселелерін жіті тыңдаған аудан басшысы өтініштерге заң аясында жауап беріп, тиісті сала басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне тұрғындардың арыз-шағымдарына уақытылы заң шеңберінде шешуді тапсырды.