Арыстық кәсіпкер коррекциялық орталық ашты

Oinet.kz 24-08-2022 283

Screenshot_19.png

Арыс қаласында 50 орынға арналған «Danis» коррекциялық дамыту орталығы салтанатты түрде ашылып, оған қала әкімі Гүлжан Мамытқызы мен қала тұрғындары, мүмкіндігі шектеулі балалар және олардың ата-аналары қатысты. 

Мұнда тілі мен құлағында мүкісі бар немесе ақыл-ой дамуында ауытқушылық байқалатын балалар мен жалпы дамуы кешеуілдеген, арнайы мамандар көмегін қажет ететін балалардың өсіп, жетілуі үшін барынша жағдай жасалған.

««Өздеріңіз білесіздер, биылғы жылды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Балалар жылы» деп жариялағаны белгілі. Оның үстіне биыл біздің Арысымыздың «қала» статусын алғанына 66 жыл толып отыр. Осындай мереке қарсаңында біз бүгін тағы бір қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз. Осындай орталық бүлдіршіндерімізден бөлек, ата-аналарымыз үшін де маңызды әрі өте қажет деп ойлаймын. Өйткені, қазіргі кезде қала бойынша ауру түріне байланысты мемлекеттік сараптама орталығының қорытындысына сәйкес, 18 жасқа толмаған мүмкіндігі шектеулі 495 бала тіркелген болса, оның 230-ға жуығы өткен жылы қаламызда ашылған «Тең қоғам» әлеуметтік орталығының қызметін пайдаланып келеді. Олай болса, ерекшелігі бар ұл-қыздарымызды емдеп-сауықтыру арқылы біз оларды өз қатарымызға қосып аламыз деп сенемін», – деді Гүлжан Мамытқызы.  

Осылай деген қала әкімі қаламыздағы тұрмыстық-әлеуметтік мәселелердің оң шешіліп, өмір сүру сапасының артуына әкімдікпен бірлесе отырып, жұмыс жүргізіп жатқан орталықтың жетекшілері мен мамандарына алғыс білдірді.

Айта кетейік, балалар орталығын ашып отырған жергілікті жеке кәсіпкер Гүлбахрам Ерімбетова Арыс қаласындағы орталық емханада үздіксіз 45 жыл эпидемилог болып істеп, зейнетке шыққан жан.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде бұл орталыққа ұл-қызын тәрбиелеп дамыту үшін 31 ата-анадан өтініш түскен. 

«Алдағы уақытта Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің өкілдерімен кеңесіп, келісе отырып, орталықтың жұмысын одан әрі дамыту көзделіп отыр», – дейді ол.

Ал ол «Danis» коррекциялық дамыту орталығын ашу ісін өткен жылдан бері қолға алған. Қазір мұнда 4 тәрбиеші мен оның 2 көмекшісі, 1 психолог, 2 дефектолог, медицина маманы мен аспазшы, күзетші сынды жалпы саны 15 адамды Арыс қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі арқылы тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Бір қызығы мұнда тәрбиеленетін балалардың ойыншықтарына дейін олардың жан-жақты дамуына ыңғайластырылған.

Санитарлық талапқа сай салынған ас бөлмесіндегі ас мәзірі мен ауладағы ойын алаңдары, емдік-сауықтыру бағытындағы танымдық, тәрбие сағаттары балалардың физиологиялық тұрғыда өзін-өзі дамытумен қатар, білім алуына да зор мүмкіндіктер береді.

«Орталыққа келетін бала санына қарай, қызметкерлер саны да көбейетін болады», – дейді Гүлбахрам Садықбекқызы.

Арыста спорт мекемелері арасында спартакиада өтті
Жуасымен танылған ауыл
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу