«Үш буынды модел концепциясы» тақырыбы талқыланды
Әл-Фараби ауданы прокуратурасының бастамасы негізінде «Үш буынды модел концепциясы: полиция, прокуратура, сот» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Кездесуге прокуратура, полиция, адвокат және заңгерлер қатысып, жаңа моделге сәйкес үш буынның аражігін ажырату мәселесін талқылады.
Аталған сұрақтардың маңыздылығы Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауына сай, азаматтардың құқығын заманауи тұрғыдан қорғауды қамтамасыз ететін Қазақстанда өкілеттіліктердің ара жігі нақты ажыратылған үш буынды модель құру мәселесімен байланысты.
Жиынды ашқан аудан прокурорының орынбасары Б.Қараманов, аталған концепцияның азаматтардың құқықтарын уақытылы қорғауда рөлі ерекше екеніне тоқталды.
«Прокурор жинақталған дәлелдемелерге тәуелсіз баға беріп, азаматтардың құқықтарының бұзылуына тосқауыл қояды, азаматтардың қылмыстық процестің орбитасына заңсыз тартылуына жол бермейді, сотта мемлекеттік айыпты қолдайды.
Ал сот органның әрекеттеріне түскен шағымдарды қарайды және түпкілікті шешім қабылдайды.
Аталған қылмыстық процестің үш буынды моделі – азаматтардың құқықтарының дер кезінде қорғалуын қамтамасыз етеді» – деді аудан прокурорының орынбасары.
Кездесуде сөз алған полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Ж.Құлмахан, жаңа концепция аясында жұмысты сапалы ұйымдастыру үшін прокуратура және сот қызметкерлерінің қатысуында семинар-тренингтер ұйымдастырылғанын сөзге тиек етті.
Бүгінгі күні жаңа Заң аясында прокуратураның функционалдық міндеттері күшейтіліп, қылмыстық процестегі негізгі шешімдер прокурордың келісімімен және бекітуімен қабылдануда.
Бұл концепцияға дейін прокурорлар қылмыстық істері постфактум (кешігіп) зерделеген болса, қазіргі таңда қылмыстық қудалау органдарының қабылдаған шешімдерін онлайн форматта (сол кезде) зерделеуде.
Жаңа модельге сәйкес қылмыстық істер бойынша прокурорлар күдікті деп танудың 419, тұлғаның әрекетін саралаудың 359, істі қайта саралаудың 360, мерзімін үзудің 794, өндірістен тоқтатудың 591 процестік шешімін зерделеген.
Осылайша ағымдағы жылы прокурормен келісілген/бекітілген шешімдер бойынша сотпен ақтау үкімдері немесе тергеу сотымен бұзылған шешімдер орын алмаған.
Кездесу соңында дөңгелек үстелге қатысушылар азаматтардың құқықтарын қорғау бағытында пікірлермен алмасып, бірқатар нақты ұсыныстар енгізілді.