Ескірген көше атаулары жаңарды
Шымкент қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қорытындысы негізінде 325 көшеге атау берілген болатын. Оның ішінде өткен жылы Әл Фараби ауданындағы шағынаудандардың да біразының атаулары заңдастырылып, енді бірқатарына жаңа атау берілді. Бұл Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылғы 28 ақпандағы тапсырмасына сәйкес елімізде идеологиялық тұрғыдан ескірген атауларды тарихи жер-су, дәстүрлі атауларымен өзгерту, ономастикалық атауларға кісі есімдерін беруге мейлінше шектеу қою тапсырмасы аясында орындалып отыр. Мысалы, бұрынғы Забадам елдімекені – Көркем, ал Бадам тұрғын алабы енді Береке шағынауданы деп аталады. Аудан бойынша атауы жоқ және хаттамамен расталған көшелер мен шағынаудандардың атауын заңдастыру үшін 9 шағынаудан, атауы жоқ 15 көше және атауы моральды тұрғыда ескірген 30 көше 2019 жылы қалалық мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасына ұсынылған. Былтырғы жылы республикалық ономастикалық комиссияның оң қорытындысы алынып, Шымкент қаласы мәслихатының 2020 жылғы 15 желтоқсандағы шешімі шыққан.
Атап өтейік, Әл-Фараби ауданы Шымкенттің орталық ауданы саналады. Қаладағы көп қабатты үйлері көп шағынаудандар, маңызды әкімшілік, білім беру, тарихи және мәдени ірі нысандар осы ауданда орналасқан. Дегенмен, 2014 жылы қала маңындағы аудандардан 40-тан астам елдімекен Шымкент аумағына қосылған соң Текесу тұрғын алабы, 195 және 276-орам сынды елдімекендер Әл-Фараби ауданына берілді. Мегаполистегі 4 ауданның ішінен көлемі бойынша шағын саналғанымен, халық саны жағынан алдыңғы қатарда.