Шымкент - жылыжайлар астанасы
Шымкент көкөніс, жеміс-жидегімен елімізге ғана емес, шетелге мәлім қала. Қалада ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекелестікке қабілеттілігі де артып келеді.
Мамандардың мәліметінше Шымқалада ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 - 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес егістікке жарамды 39,5 мың га жердің өткен жылы 27,9 мың га немесе 70,6% игерілген. Бұл 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,2 мың га артық (2019 жылы 26,7 мың га. )егіліп, жалпы 59,3 мың тонна өнім жиналған.
Бүгінде еліміздің өзге өңірлері Шымкентті «жылыжайлар астанасы» деп атайды. Оған шымкенттік өнімдердің барлық өңірлерде жылдың төрт мезгілінде де сатылып жатқаны да себеп болса керек. Қаладағы жылыжайлардың өнімдері бүгінде базар, дүкендерде самсап тұр және жыл бойы үзілген емес. Осы орайда өткен жылы қосымша өнеркәсіптік үлгідегі 11,7 га жылыжайлар жобасы іске асқанын айта кетейік. Олар: «Таза өнім» ШҚ -6 га, «Арман Агро» ШҚ- 3,7 га, «Колесников А.В.» ШҚ-2 га. Сондай-ақ құны 150 миллион теңгелік «Д-Сабыр» ЖК 15 га қарқынды алма бау егу жобасы іске асырылды.
Айта кетсек, қаланың ауыл шаруашылығына жарамды жерлері 62,6 мың га құрайды, оның ішінде 39,5 мың га — егістік жерлер. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласын мемлекеттік қолдауға 2847,7 млн теңге бөлінген (оның ішінде республикалық бюджеттен — 1 137,9 млн тг.). Қаражат 100 пайыз игерілген. Нәтижесінде былтырғы жылдың қаңтар-желтоқсан айларында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 36,1 млрд теңгені құраған. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда бұл көрсеткіш 4,9 млрд теңгеге өскен.