Түркістан облысы мектептері аралас форматта оқытуды бастады
Түркістан облысында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты 1 наурызынан бастап мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Бұл туралы облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.
– Оқу бітіретін сыныптар да (9, 11 (12) сыныптар) аптаның 6 күні ішінде аралас форматта оқытылады. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі. Колледждер мен жоғары оқу орындарының I-курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық оқуға көшетін болады, – деді басқарма басшысы.
Сондай-ақ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы» жұмысын бастайды. Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттар, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттар жұмысын жалғастырады. Білім беру мекемелері маскалық режимде кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы міндетті.
Ағымдағы оқу жылының III-тоқсанында білім алушылардың, педагогтардың және басқа қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында 1-11 сыныптарда оқу процесі 313 мың 277 (63 пайыз) оқушыға қашықтықтан жүргізілуде. Бүгінгі таңда, мектептегі оқушы саны 5-тен 300 адамға дейін контингенті бар шалғайдағы 224 жалпы орта білім беретін мектепте 29 мың 827 оқушы штаттық режимде оқуда. Бастауыш 1-4 және 5 сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері негізінде 8 мың 198 кезекші топта 108 мыңнан астам (44 пайыз) оқушы білім алуда. Оқу бітіретін 9-11 сыныптардағы 48 мың 707 оқушыға пәндердің 70 пайызы штаттық режимде, 30 пайызы қашықтықтан оқытылуда.