Түркістан облысында биыл 2760 жоба жүзеге асады
Түркістан облысында биыл 6 мың гектарға 2760 жобаны жүзеге асыруды жұмыстары басталды. Қазіргі таңда 1622 жоба бойынша 3,4 мың гектарға бірінші өнім егілді. Бұл туралы Сарыағаш ауданының «Жартытөбе» ауылдық округіндегі «Тәуекел» шаруа қожалығында «Түркістан облысы агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін арттыруда бір алқаптан 2-3 өнім алудың тиімділігі» тақырыбымен өткен облыстық семинар-кеңесте айтылды.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндеттер көп. Соның негізгісі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайта отырып саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру. Ал, лиматтық орналасу, жұмыс күші тұрғысында Түркістан облысы еліміздегі ең қолайлы өңір болып табылады. Облыста 71 мыңға жуық шаруашылық бар. Бұл республикадағы қожалықтардың 35 пайызы.
– Ауыл шаруашылығын көтеру үшін жаңа технологияны енгізу керек. Әсіресе үлкен шаруашылықтарда. Нөлдік технологияға өту қажет. Жаңбырлатып суаруды Түркістан төңірегінде көрсетіп жатырмыз. Біздің жерге өте қолайлы әдіс. Суды үш есе үнемдейді, өнімді 4 есе көп береді. Сондай-ақ Түркістанда Қазақстандағы ең үздік сүт фермасы болады. Қазіргі технология бойынша аз ғана жерде 10 мың басты ұстауға болады, – деді облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев.
Агроөнеркәсіп субъектілерін озық технологияларды енгізуге ынталандыру, ақпараттандыру жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқан Түркістан өңірінде былтыр да ауыл шаруашылығы салаларын дамыту бойынша 8 облыстық, республикалық семинар-кеңес өткізілген. Ашық аспан астында ұйымдастырылған шараға облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшылығынан бастап, ғалымдар, аудан, қала, ауыл әкімдері, агроқұрылым басшылары мен кәсіпкерлер қатысты. Дәстүрлі шарада ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне тұқым, тыңайтқыштар, гербицидтер жеткізушілер өнімдері мен асыл тұқымды «Гиссар» қойларының көрмесі таныстырылды.
Семинар кеңес қорытындысымен, облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жаһандық мәселе екендігіне назар аударып, ішкі-сыртқы нарықта бәсекеге қабілетті, экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту мақсатында аудан, қала әкімдері мен агроқұрылым басшыларына жаңа технологиялармен инновацияларға қарқынды бет бұру шараларын қабылдау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.