Кәсіпорындардан экологияға келер зиян жоқ

Oinet.kz 12-03-2021 711

 Screenshot_4.jpg  

Қазақстан Президенті Қ. Тоқаев «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды кеңейту, табиғатқа ұқыпты қарауды дамыту мәселелеріне баса назар аударуды тапсырған болатын. Осы орайда өткен жылы Шымкентте  көлемді жұмыстар атқарылып, олардың нәтижесі бүгінде байқалуда.  

 Мәселен қалалық экология департаменті өткен жылы 54 тексеру жұмысын жүргізген. Нәтижесінде, сомасы 20 млн теңгеден асатын 340 әкімшілік айыппұл салынған. Ал кәсіпорындардан қоршаған ортаға келтірген залалды өндіру үшін 435 млн теңгеге 36 нұсқама беріліпті. Сонымен қатар «Ғарыш сапары» акционерлік қоғамының ғарыштық мониторингі арқылы қала аумағында бей-берекет қоқыс үйіндісінің 88 координаттық нүктесі анықталып, аталған орындар аудан әкімдіктері тарапынан тазартылған. Бұл туралы    бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Экология департаменті басшысының міндетін уақытша атқарушысы Қ.Бейсенбаевтың қатысуымен  өткен Экология департаментінің 2020 жылы атқарған жұмысы және алдағы жоспарлары бойынша брифингте мәлім болды.  

  Спикердің сөзінше, 2021 жылдың басында ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі мен Шымкент қаласының әкімі арасында «Шымкент қаласының экологиялық мәселелерін кешенді шешу бойынша жол картасы» бекітілген. Осыған орай жол картасы аясында елді мекендерді газдандыру, қоғамдық көлікті газ отынына ауыстыру, қаладағы жел бағытын зерттеу және көгалдандыру жұмыстары жүргізілмек.

 Брифинг барысында Қадырхан Бейсенбаев департамент бастамасымен оң нәтижеге қол жеткізген бірқатар мәселеге тоқталды. Яғни, Тоғыс елді мекені мен «Сайрам» тұрғын алабындағы көп қабатты үйлерден шыққан тұрмыстық лас судың Бадам және Сайрамсу өзендеріне құйылуы тоқтатылып, орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылған. 

Айта кетейік, департамент мемлекеттік экологиялық сараптамамен келісілген 10 жоба бойынша ауаға шығарындылардың төмендеуі жылына 2300 тоннаны құраған. Ал қала бойынша негізгі 4 ірі («ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС, «Шымкентцемент» АҚ, «3-Энергоорталык» АҚ, «Стандартцемент» ЖШС) кәсіпорындарынан нақты ауаға шығарындылар 2018 жылы 23590 тоннадан өткен жылы 18461 тоннаға дейін төмендетілген.


«Дархан» базары жаңаша келбетке ие болмақ
Шымкент-Душанбе - дос қалалар
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу