Жұмыссыздар азаюда
Қазіргі таңда екі қолға бір күрек табу оңай емес. Себебі бәсекелестік дамыған заман. Бүгінде дипломы бары да, жоғы да лайықты жұмыс таба алмай жүр. Алайда үлкен қалаларда тұрғындарға жұмысқа орналасуға мүмкіндік жоғары. Мәселен республикамыздың үшінші мегаполисі Шымкент қаласында жыл сайын жұмыссыздар саны қысқарып келеді. Өйткені мұнда мемлекеттік бағдарламаның шарапатын көргендер жетерлік. Оның үстіне шаһарда түрлі кәсіпорындар мен зауыттар көбейіп, жаңа жұмыс орындары көптеп ашылуда.
Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында кәсіпкерлікті қолдау бойынша диверсификация мен технологияға негізделген экономика құруды тапсырған болатын. Осы бағытта өткен жылы Шымкент қаласында индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен құны 38 миллиард теңгеге 22 жоба іске асқан. Онда 1 мыңнан аса жұмыс орны ашылған.
Сала мамандарының айтуынша, шаһардағы үш өндірістік аймақ бойынша 110 кәсіпорында 7 690 адам жұмыспен қамтылған. Одан бөлек, биыл 39 миллиард теңгеге 16 жоба іске асырылмақ. Яғни, 800-ден аса жұмыс орны ашылады деген сөз.
Айта кетейік, өндірістік аймақтар бойынша қалада тек өткен жылдың өзінде бюджетке 7 миллиард теңгеге жуық салық түскен.