Шымкент бақ қалаға айналады
Жаңадан салынып жатқан «Шымкент сити» шағынауданындағы 40 гектарға жуық жерге саябақ салынады. Осылай деген қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы үшінші мегаполисті жасыл желекке айналдыру керектігін алға тартты.
«Бала кезімізде Шымкент бақ сияқты қала болатын, арықтардан су ағып жататын. Халыққа қолайлы қала бағыты бойынша басты мақсат - Шымкентті қайтадан бақ қалаға айналдыру. Біздің есебіміз бойынша қалада 6 миллионға жуық жасыл желек бар. Былтыр 2021-2025 жылдар аралығында Жасыл белдеу қалыптастырудың жоспарын бекіттік. Жоспар бойынша 6,5 млн түп ағаш егеміз. Биыл күзде бастаймыз. Нәтижесінде, қаладағы ағаш қоры екі есеге артады, – деді қала әкімі.
Сала жауаптылардың мәлімдеуінше, қазір қалада жалпы аумағы 244 гектарды құрайтын тоғыз саябақ және 37 гектарлық 39 гүлзар мен аллея бар. «Шымкент Сити» шағынауданынан 40 гектарға жуық жерге саябақ салу, сонымен бірге төрт гүлзар салу көзделіп отыр. Сондай-ақ қалаға ауаның ластануын қадағалайтын 26 датчик орнатылады. Сол есептегіш құрылғылардың ақпараты қаладағы ЛЭД-экрандар, телеарналар және әлеуметтік желілер арқылы беріліп отырады.
Қаланың сәулетіне де, көркіне де көңіл бөлген мамандар былтыр төтенше жағдайға қарамастан демеушілер есебінен 77 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін жаңартқан.