Түркістанда ПТР-тест жүргізетін 10 зертхана жұмыс істеуде
Түркістан облысында оттегі стансасының саны 2 есе артып, 8-ге жетіп отыр. Сондай-ақ 80 бірлік оксигенация аппараты сатып алынды. Оттегі концентраторларының саны 890 бірлікке жетіп, өсім 95%-ды құрады. Оттегі нүктелерінің саны 9,7 есеге артып, 205-тен 2005 нүктеге дейін ұлғайды. Биыл облыстық бюджет есебінен 1 компьютерлік томограф пен 3 сандық рентген аппараттары орнатылды. Облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Марат Пашимовтың айтуынша, өңірдегі медициналық мекемелерде өкпені жасанды тыныстандыру аппараттарының саны 178-ден 332-ге дейін артып, өсім 46,4% болған.
Өңірде коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарды емдеуге жатқызу үшін тұрақты негізде 600 инфекциялық және 340 карантиндік төсектік орын ұйымдастырылған. Пандемияның түрлі сценарийіне байланысты төсектік орнын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар. Медициналық ұйымдарда орналасқан зертханалар тәулігіне COVID-19-ды анықтау үшін 5 мың тест өткізуге дайын. Облыс бойынша тәулігіне ПТР-тест жүргізетін 10 зертхана жұмыс істеуде. Өңірде пандемия басталғалы күні бүгінге дейін барлығы 240 мыңға жуық тест өткізілген.
Сонымен қатар облыстағы медициналық ұйымдардың пульсоксиметрмен қамтамасыз етілуі 190-нан 3 879-ға дейін жетіп, 95,1%-ға артқан. Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық мақсатында облыстың медициналық ұйымдары дәрілік заттармен толық қамтамасыз етілген. Екі айлық қор қалыптастырылған. Облыс бойынша қазіргі таңда бір адам коронавируспен стационарлық ем қабылдауда, ал амбулаториялық жағдайда ем қабылдаушылар – 18. Қарым-қатынаста болған 116 адам – медициналық бақылауда.