Індетпен күрескен мамандарға төлемақы берілді
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Түркістан облысы бойынша филиалы коронавирус инфекциясының алдын алуға, диагностикалауға, емдеуге, эпидемияға қарсы іс-шараларға қатысқан медицина қызметкерлеріне үстемеақы төлеуге 12,7 млрд теңге бөлген. Қор филиалы медициналық қызмет көрсету сапасын мониторингтеу бөлімінің бас сарапшысы А.Ибрагимованың мәліметінше, биылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында 9,3 млрд теңге төленген. Оның ішінде эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлерінің үстемеақысы 6,6 млрд теңге болып отыр. Сондай-ақ науқастарды провизорлық және карантиндік стационарларға емдеуге жатқызуды қаржыландыруға 1,8 млрд теңге жұмсалған. Облыс бойынша 395 мобильді бригада қызмет көрсетеді. Қор бригаданың әрбір шақыруға шыққаны үшін 5 400 теңге ақы төлейді.
Ал Түркістан қалалық орталық ауруханасының бас дәрігері, медицина ғылымдарының кандидаты Жанболат Ділдәбеков эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлері ішінен коронавирус инфекциясын жұқтырған 11 маманға, оның ішінде 8 дәрігерге мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан 2 млн теңге бір реттік төлемақы төленгенін айтады. Оның айтуынша, қазіргі таңда аурухана медициналық құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Түркістан қаласындағы «Яссы» шағын ауданында 200 төсектік орынды модульдік типтегі жұқпалы аурулар ауруханасының жаңа ғимаратының құрылысы басталды. Дәрі-дәрмектер, дезинфекциялық заттар мен жеке қорғаныш киімдерінің екі айлық қоры қоймаға жеткізілді. Сондай-ақ қалалық әкімдіктің қолдауымен оттегі бекеті іске қосылды. Жалпы, аурухана өзінің кезекпен және кезектен тыс түскен науқастарына жоғары технологиялық қызметтер көрсетіп келеді.