Ұлылықты ұлықтай алып жүрміз бе?
Бүкіл ұлт болып ұлан-асыр тойлауымыз тиіс Наурыз мейрамын қарсы алу мерекесінде, яғни дәл Ұлыстың ұлы күнінде Отырар ауданында орта мектепте білім алып жүрген 15 үздік оқушыға және осы ауданнан түлеп ұшқан, бүгінде жоғарғы оқу орындарында оқитын 10 студентке әл-Фараби атындағы арнайы стипендия тапсырылмақшы. Стипендия көлемі әрбір үздік оқушыға ай сайын 3000 теңгеден, әрбір студентке ай сайын 5000 теңгеден есептелген. Биыл үшінші мәрте жүзеге асатын игілікті іске қаржы жергілікті бюджеттен қаралған. Өзі де өлең жазатын, өнерлі,білімді балаларды қолдауға қашанда дайын тұратын жанашырлығының арқасында қызметке тағайындала салысымен осындай оң бастаманы қолға алған аудан әкімі Әлімжан Құртаевтың тікелей ұйытқы болуымен екі жыл бұрын ұлттық рухты оятқан тамаша тірлік жасалғанын жұрт ұмыта қойған жоқ. Дәлірегі 2006 жылдың наурыз айында бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі, аудан әкімі Әлімжан Құртаев бастаған арнайы делегация Шам шаһарындағы (Дамаск) “Шығыстың Аристотелі” атанған ұлы ойшыл әл-Фараби мен елінен құл болып аттанып, Мысыр мемлекетінде ұзақ жыл билік құруға дейінгі жетістікке жеткен даңқты бабамыз Бейбарыстың зиратына киелі Отырардың топырағын апарды. Әл-Фараби мен Бейбарыс сұлтанның ғұмыр кешу кезеңдерінде бақандай үш ғасыр айырмашылық жатыр. Дегенмен Фарабиді қатты құрметтеген, ұлы ұстаз санаған Бейбарыс көзінің тірісінде өзін соның зиратына жақын маңға жерлеуді аманат еткен көрінеді. Зираттары қатар жатқан алыптардың топырағы туған жерге әкелініп, Арыстанбаб кесенесінің қасына қойылды. Келешекте олардың кесенелерін тұрғызу жағы қарастырылуда.
Жалпы Отырар өңірінің әуелден өнер, білім, ғылымның ордасына айналғанын, мұнда үлкен ғұламалар ғұмыр кешкенін білеміз. Қазақтың төлтума өнерін, салт-дәстүрін, тарихын дәріптеп, археологиялық және этнографиялық зерттеулер жүргізген көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтың өзі неге тұрады? Өткен ғасырдың 80-жылдары мәдениет министрлігін басқарған кезінде Өзағаң ұлттық этнографиялық “Сазген”, “Адырна”, “Шертер” және “Алтынай” ән-би ансамбльдерін өмірге әкеліп, ұлттық өнердің керегесін керіп, уығын шаншып, шаңырағын көтергенін өскелең ұрпақ біледі ме? Ол Кеңес Одағының тоталитарлық жүйесі күшіне мініп тұрған кезде ештеңеден сескенбей осындай ерлік жасаған жан. Қазақ вальсінің королі, саңлақ сазгер Шәмші Қалдаяқов та киелі Отырар ауданынының түлегі. Қсиеті мол өңірде кіндігі кесілген талай-талай тұғырлы тұлғалардың көш басында ғұламалығын ғаламға мойындатқан Әбунәсір әл-Фараби тұрғаны талас тудырмасы хақ.
Ол алдымен кіндік қаны тамған топырағында қанатын қатайтып, Бағдат, Мысыр елдеріне сонан кейін құлаш сермеді. Әл-Фарабидің пешенесіне мықтылық жазылса, мұны Отырардың қадыр-қасиеті деп ойлаймыз. Ғалымдардың айтуынша, жер бетінде Фараб деп аталатын екі қала бар екен. Оның ішкі Фарабы Отырар болса, сыртқы Фараб Мысырда орналасқан. Ал тарихты парақтасақ, ғылыммен шындап шұғылданған 11 әл-Фараби кездеседі. Бірақ олардың ешқайсысы да Әбунәсір әл-Фарабидің бағындырған биігіне жете алмаған. Әл-Фараби философиясы күллі шығыс жұртының рухын көтеріп, өнері мен мәдениетінің қарыштап қанат жаюына зор септігін тигізді. Ғылымның қай саласына да қалам тартқан ғұлама ғалым еңбегі әлемді шарлады, шарықтады. Атақты Махмұд Қашқари зерттеулері әл-Фарабиге сүйеніп жазылған екен. М. Қашқари түркі тілінің етістігін қолданса, әл-Фараби дүниесінің барлығы арабша жазылыпты.
Ежелгі деректерге сүйенсек, әл-Фараби 70-ке жуық тіл біліпті. Оны «әлемді ғылым мен білім арқылы билеуші» деп атауға болады. Фарабитануда өлшеусіз еңбек сіңірген көрнекті ғалым Ағжан Машанұлы әл-Фараби мен Абайды тығыз байланыстырады. Себебі, екі алып та Құран Кәрімнің қайнар бұлағынан қанып ішкен. Фарабитану арқылы қазақтың түпкі атасы көрсоқыр, қараңғы болған деген қыңыр пікірге күйрете соққы береміз. Ұлы ойшыл әкімдердің мінез-құлқына, әскери міндетке қатысты да қанатты сөздер қалдырған. Математика мен музыканы сабақтастырған тұңғыш ғалым да осы. Химия ғылымын да жете меңгерген жан. Фарабитануды мектеп бағдарламасына бастауыш сыныптан бастап енгізу арқылы балаларды даналық іліміне жасынан сусындату жайлы академик Еділ Ерғожиннің бастама көтергеніне біраз болды. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. «Әл-Фарабидің ұлылығына бас иеміз. Ғылым, білім тазалығы үшін ғұламаның ғұмырын сарп еткенін жас ұрпақ ұғынып өссе, қазақ ғылымы әріден өрбіп, өрісі кеңейеді. Қазақ ғылымының іргетасын қалауда, қалыптастыруда әл-Фарабиді басшылыққа алсақ, қателеспейміз», дейді ол.
Қайсыбірін айтайық, ғылыммен шұғылданған атақты шетелдік ғалымның қырық жылғы еңбегін әл-Фарабидің шағын кітапшасынан тауып алып, таңдай қаққаны тегін деймісіз. Әл-Фараби - тек туған өлкесінің емес, шығыстың әлемге әйгілі шоқ жұлдызы. Ол жазған кітаптардың бетін қанша қайтара ашсаң, соншалықты ғұламалығына бас иесің. Дүниесі ескірмейтін дарабоздың құрметіне Санкт-Петербор (Ресей) қаласында фарабитанушылардың дәстүрлі басқосуы өтетіні ғылымның тамырластығын танытады. Бұған дейін әйгілі Мұхаммед Хайдар Дулатиді өзбектердің «өзіміздікі» деп өзеурегенін көрген едік. өзбек профессоры Хайдар Әліқұлов жөнсіз «жиендікті» жалғастырып: «Әл-Фарабидің даралығын дәлелдеп, 1961 жылы өзбек ғалымы, академик Хайруллаев тұңғыш рет зерттеді», - дегенін оңтүстік өлкесінде өткен ғылыми басқосуда елмен бірге естідік. Абырой болғанда белгілі жазушы Дүкенбай Досжанов оған қарсы дәлелді уәж айтып, Мыңбай Ысқақов дейтін қазақ математигі өзбектерден 2 жыл бұрын, яғни 1958 жылы әл-Фарабидің қыр-сырын зерттегенін нақты айғақпен алға тартты. Әл-Фарабидің әдебиет әлеміндегі есепсіз төккен терін әдемілеп баяндап берді.
Дей тұрсақ та, өзгелердің жетегіне ертіп жібермес үшін біз ұлылықты ұлықтай алып жүрміз бе? 70 жыл бойы кеңестік жүйе көзге ілмеген еңбек пен ерлікті тәуелсіздігіміздің арқасында дәріптеу, қазақ философиясын дамыту деңгейі көңіл көншіте ме? Сүбелі сауалға жауап іздеп жанталасқанымызда республикалық іс-шаралардың қалай өтіп жүргенін кім білсін, кіндік қаны тамған өлкедедәріптелуі аудандық деңгейден аспай Отырарда ұлы ойшыл Әбунәсір әл-Фарабидің туғанына 1130 жыл толуына орай халықаралық ғылыми-теориялық конференция ұйымдастырылғаны ғана еске түседі. Одан бері де табаны күректей 9 жыл өтті. Сол жолы облыс әкімі тағайындаған 150 мың теңгеден тұратын әл-Фараби атындағы сыйлықтың медалі мен куәлігі алғашқы болып бүкіл ғұмырын фарабитануға арнаған көрнекті ғалым Ақжан Машанұлының жұбайы Жамал апайға тапсырылуы халықтың ризашылығын тудырып, көңілге толқыныс әкелгенін білеміз. Бұл сыйлықты лайықты азаматқа жыл сайын беріп тұруға, ғылыми-теориялық конференцияларды жиі-жиі ұйымдастыруға басқосуға қатысқандар батуаласқан еді. Өкінішке қарай, содан кейін аудан әкімі ауысып кетіп, оның орнын алмастырған адам атқамінерлерге тән аурумен жақсы істі жалғастырмай, орта жолдан желкесін қиып жібергеніне қалай қынжылмассың?Осындайда есімін ел білмесе де, ауылға атасының, көшеге көкесінің атын бергізу үшін түрлі іс-шаралар өткізіп, шапқылап жүрген шенеуніктер мен қалталы азаматтар еріксіз ойға оралады. Елдің қалауына қарамастан ебін тауып, олар дегеніне жетіп те жатыр. Сонда тұтас түркі халқының мақтанышы саналған ортақ тұлғаны, ұлы ойшылды ұлықтауға кім ұйытқы болуы керек? Оны айтасыз, қайсыбір жылы облыс орталығындағы әл-Фарабидің ескерткішін алып тастап, оның орнын шетелдік «Битлз» тобының әншісімен ауыстырайық деп шектен шыққан пендешілікке ұрынған атқамінерлер бар. Құдай сақтап, шетелдік даңғаза әуенді құлай сүйетіндердің құлшынысы жүзеге аспай, әйтеуір өзгелерге масқара болудан әупіріммен аман қалдық. Бұл аздай әл-Фараби бабамыздың Шымкент қаласындағы онсыз да сапасыз жасалған ескерткішін біресе саябақтың ішіне, енді бірде Халықтар достығы үйінің алдына ауыстырып, оған қаралған қаржыға қатысты айтыс-тартыстың туындауы, дау-дамайға құқық қорғау органдарының араласуы абырой шіркінді айрандай төккен ұят тірлік.
Ғалымжан Қамытбекұлы,
Оңтүстік Қазақстан облысы