Шерхан Мұртаза – публицистиканың заңғар шыңы
Шерхан Мұртазаның публицистикасы өмір белестері сияқты кезеңдерден тұрды. Бұл туралы Түркістан қаласында өткен Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумда айтылды. Симпозиумда студенттердің Шераға туралы жазған шығармалары оқылып, оқ бойы озық шыққандар жүлделі орындардан көрініп, арнайы марапатқа ие болды. Назарларыңызға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің 2-курс студенті Олжас Павликтің шығармасын ұсынамыз.
"Қазақ публицистикасында шоғыр еңбектерімен өзгелерден ерекше, елінің өткені мен болашағына алаңдаған талай заңғар тұлғалар өтті. Бірақ солардың ішінде өз заманының сөзін сөйлеп, өз дәуірінің ақиқатын жырлаған, ұлтжандылығымен дараланған, болмысынан-ақ шерлі әділдіктен сыр шерткен Шерағаңнан асқан ешкім болмады. Шерхан Мұртазаның публицистикада өзіндік салмағы бар «Не жетпейді?» (1990), «Елім, саған айтам, Елбасы, сен де тыңда!» (1998), «Ақындар мен әкімдер» (2002) тәрізді мақала, эссе, публицистикалық толғамдары халықтың ерекше жадында қалды.
90-жылдардағы Шерхан Мұртаза ұлттық публицистиканы сан алуан айшықты бояулармен байытуға көп еңбек сіңірді. Осы жылдары үкімет басшыларына, министрлерге зиялы қауымның, оның ішінде әдебиет, ғылым саласының ұлт қаймақтары жолдаған хаттарда ел тағдырының мәселелері көтерілді. Көрнекті публицистер Камал Смайылов пен Шерхан Мұртазаның күнделікті өмірдегі өзекті мәселелерді оқырман алдына шындығымен шығара алған хаттарының орны бөлек.
Қос қаламгер хаттарында қоғамдағы мәселемен қатар, ұлттың тарихы, тағдыры, ел болашағы тың өріс алды. Уақыт өте келе тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы шындық шежіресі деген баға алды. Тіл мәселесіне баса назар аударған Шерағаң «Әкімдер ойланар ма екен?» хатында мемлекет қайраткерлерінің қолдауынсыз тіл мәселесін жазып, айтудың дәрменсіз екенін нақ басып айтады. «Егер ел тағдырының тізгінін қолына ұстап отырған әрбір әкім әлгіндей батыл әрекет жасай алса, қазақ тілінде қасқа жол ашылады...
Алайда, Шерхан Мұртаза: «Ана тіліміздің мәртебесін көтеру – басқа тілдердің жолын кесіп, бағын байлау емес»,- деп көрсетеді. Шынымен де бүгінгі қоғамда өзге тілдердің қолданысын шектеуден бұрын ұлттық бірегейлікті, ұлттық сананы ояту маңызды. Өзге тілдің бәрін біл. Оған ешқандай шектеу жоқ. Бірақ ана тіліңді ұмытпай, оны құрметтей білуіміз –парыз. Профессор Н. Омашев: «Камал Смайлов ше, фактіні қалай ойнатты! Көп оқып, көп ізденіп, көп жазатынын оның әр мақаласынан аңғаруға болады»,- деген пікірінен публицист К. Смайловтың фактілерді шебер ойнатуын аңғарсақ, Шерхан Мұртазаның батыл жауабынан, ұшқыр ойынан хаттардың өзектілігін байқаймыз. Мәселен, «Алтын сандықтың кілті кімде?» деген хатында Шерағаң: «Камал! «Сарыарқа мен Атырау, Алтай мен Қаратау қойнаулары нағыз алтын сандық екен.
Соның кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп жазыпсың. Соны енді біліп жүргендей «екен» дегенің неткенің? Ал сол сандықтың «кілті енді еліміздің қолына еркін тиді» деп айқайлағаныңа жол болсын! Онда біз сол алтын сандықтың үстінде неге жалаңбұт отырмыз? Ашпаймыз ба сандықты?»,- [1, 157 б.] деп уытты тілмен мысқылдап, ой тастайды».