«Дауысы дәуірмен ұласқан қаламгер»
Түркістан қалалық кітапханасының №2 кітапхана-филиалының ұйымдастыруымен Ғабиден Мұстафиннің 120 жылдығына орай «Дауысы дәуірмен ұласқан қаламгер» атты танымдық сағат Хамза мектебінің оқушыларымен болып өтті. Іс- шара барысында Хамза мектебінің оқушылары Өмірзақова Динара, Сұлтанов Данияр, Рахымжанова Нигара жазушы Ғабиден Мұстафинге арнау айтты және Теміров Санжар мен Бахтиярова Назима шығармаларынан үзінді оқыды.
Кітапханашы Өтегенова Әсел Ғабиден Мұстафиннің өмірбаяны мен тұңғыш романы "Өмір не өлім", "Шығанақ " романымен таныстырып шықты. "Шығанақ" романы адам баласының еңбекпен өсіп шыңдалу жолындағы ерен ерлігін көрсететін, жас ұрпаққа берер үлгі - өнегесі мол шығарма екендігін түсіндіріп кетті.
Көркем сөздің хас шебері Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында дүниеге келген.
Жас кезінде ауылдағы молдалардан хат таныған, 1916 жылы Спасск зауытында табельщик болып істейтін Мауқымның Жүсібі дегеннен бір жыл орысша оқыды. Екінші жылы сол зауыттағы бес жылдық орыс-қазақ мектебінің төртінші бөліміне түскен. Алайда осы мектепті бітірген соң жазушының әрі қарай білім алуға мұршасы болмаған. Бұл сол заманда өмір сүрген балалардың бәріне дерлік ортақ жағдай.
Ғабиден Мұстафин өз өмірбаянында шығармашылық жолға қалай түскеніне қайран қалады. Себебі білімнен, оқу мен жазудан алшақ, алыс ауылда тұрып, төрт сыныпты бітірген баланың өмірде жазушылық жолды таңдауы кімді болса да таңқалдырады.
Оның шығармалары ХХ ғасырдың жарқын әдеби мұрасына айналған.Жазушы өзінің 25 жылдық шығармашылық қызметінде роман,пьеса, көптеген әңгімелер мен очерктерді дүниеге әкелді.
Адалдық деген ұғымның ауқымы кең. Ғабиден Мұстафин достыққа адал болған жанның бірі.
Қос қаламгер Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсірепов жақын дос болған. Кездейсоқтық болуы да мүмкін, екеуі де бір жылы туып, бір жылы дүниеден өтті. Шығармашылық жолда да қатар жүрді.
Естеліктерге сүйенсек, 1985 жылы Ғабиден Мұстафиннің қазасы досы Ғабит Мүсіреповті есеңгіретіп тастаған. Ол да сол жылы дүниеден өтті.
Ғабиден Мұстафин 1985 жылы 20 қаңтарда 82 жасында Алматыда дүниеден өтті.