А.МАЙЛЫБАЕВА: Қазығұрттың бір шыңы кейде Шерхан шыңы болып елестейді маған
Түркістан қаласында өткен жатқан Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиумға елімізге танымал жазушы, журналисттер қауымынан көптеген естеліктер мен баяндамалар келіп түсуде. Шерағаны көзбен көрген Қазақстанның құрметті журналисі Асхан Майлыбаева ол туралы өз естеліктерімен бөлісті.
«2003 жылы маусымның басында Шерхан Мұртаза Шымкентке келді. Қалада жазушымен оқырмандардың жарқын кездесулері өтті. Сондай әсерлі кездесу сол жылдары Тәуке хан даңғылы бойында орналасқан «Шымкент келбеті» газетінің «Шер» баспасөз клубында ұйымдастырылды. Суреткер қаламгердің туындыларын іздеп жүріп оқитын оқырмандары жиын өткен залға сыймай, көпшілігі түрегеп тұрды. Жазушыға оның шығармаларына, өмір жолына қатысты сауалдар жаңбырша жауды. Шерхан ағаның қорғасындай ойлары мен саф алтындай сөздері әрбір жүректің талшығына дейін тарап жатса керек, сол кездесудің әсерін әріптестерім көпке дейін әңгімелеп жүрді.
Шерхан ағамен екі сағаттық бұл жүздесу аздық етті білем, ол кісінің қасында жүріп, тағы да әңгімелеріне қанығуға, сапарлап бірге жүруге ынтыққан топ, оның ішінде қалам ұстаған қауыммен қатар, қатардағы оқырмандары да әрі қарай киелі Қазығұрт тауының баурайынына ілесе кетті.
Жазушы ағамыздың жанында сол кездегі жары Ақбілек апамыз да болған еді.
Мына жеңгең жалғызсырамасын, қасында жүр, қарындасым, – деді Шераға Қазығұрттың етегіне көліктер тоқтағанда. Керуен көшті күтіп алған Қазығұрт ауданының сол кездегі әкімі Әбдімүтәліп Көбеев он екі қанат ақ үй тіккен екен. Киіз үйдің төріне жайғасып, сусын ішіп, шөл басқаннан кейін мол дастархан басында Шерхан аға қасиетті таудың беймәлім сырлары жайлы қызықты әңгімелер шертті. «Тіршіліктің тамыры тараған мына киелі таудың әр тас, әр түйірінде тарихтың таңбасы жатыр» деді ол. Тағы да татымды әңгіме, тарихтан сыр сабақтаған сұқбат өрбіп, көкірегімізге рухани ырзық толды.
Табиғат аясындағы серуен Қазығұрт тауынан әрі қарай Ғайып ерен Қырық шілтен әулие мекеніне жалғасты.
Киелі жерлерді аралаған сол сапар‑серуеннің жолында Шерхан Мұртазадай тау тұлғаның аяғының басқан ізі әлі де сайрап жатқандай, гүрілдей шыққан үнінің әуезі әлі күнге таумен бірге жаңғырып тұратындай сезіледі.
Қазығұрттың бір шыңы кейде Шерхан шыңы болып елестейді маған»,- дейді А.Майлыбаева.