Қос ғасырдың қайраткері

Oinet.kz 14-12-2022 614

image.png

Киелі мекен Түркістан қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің  қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылуда. Симпозиумға Қазақстан, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркияның белгілі  қаламгерлері қатысады деп күтілуде. Аталған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен Шераға туралы жазылған туындылар келіп түсуде. 

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова Ш.Мұртазаның шығармашылығы жайында кеңірек баяндады. 

«Шерхан Мұртаза! Бұл есімнің қазақ даласында жаңғырып, ұлт тұлғасы ретінде қалыптасқанына биыл 90 жылдың жүзі болып отыр,- деген ол жазушының шығармаларына сипаттама береді. 

- Ш. Мұртаза шығармашылығындағы шоқтығы биік дүниелердің бірі ол әрине – «Бесеудің хаты». Қазақ зиялылары 1932 жылы 4 шілдеде БК(б)П Қазақ өлкелік комитетінің бірінші хатшысы Ф.И. Голощекинге қазақ халқының бастап кешіп отырған трагедиясы туралы хатын жолдады. Бастапқыда бұл хат И.В. Сталинге арналып жазылған. «Бесеудің хаты» деген атпен тарихта қалған бұл хат республикадағы мал шаруашылығының күйрегендігі салдарынан елді алапат ашаршылық жайлағандығын айтып сақтандырған алғашқы дабылдардың бірі болды. Ш.Мұртазаның «Бесеудің хаты» атты драмасына арқау болған – ел басына түскен азапты күндер, қолдан жасалған аштықтан қырылған екі миллион халықтың тағдыры. Хатта қазақ ауылындағы социалистік қайта құрулар бүкіл халықтық қасіретке айналып, барлық әлеуметтік топтарды – байларды, орташаларды, кедейлерді қамтығаны, күштеп ұжымдастыру мен отырықшыландыру, алым-салық жинаудағы қиянаттар жұрттың жаппай аштық пен індетке, ауа көшуіне әкеліп соққандығы тарихи шындықпен өрілген. Бірақ құжатта жергілікті жерлерде жіберілген «асыра сілтеушіліктерге» солшыл коммунистер айыпты деп көрсетілді. Халықты ауыр да азапты жағдайдан құтқарудың жолдары ұсынылды. Хаттың авторлары Ғабит Мүсірепов, Мансұр Ғатаулин, Емберген Алтынбеков пен Мұташ Дәулетқалиев, Қазақ АКСР Мемлекеттік жоспарлау комиссиясының сектор басшысы Қадыр Қуанышев  қуғынға ұшырады. Хаттың жазылуына Халком Кеңесінің төрағасы Ораз Исаев түрткі болған деседі. 

Сонымен қатар жазушы  қаламынан туған «Ақсай мен Көксай», «Сол бір күз», «Сүдігерде изен ызыңдайды», «Айырбас», «Бойтұмар», «Тұйық шарбақ», «Жарамазан», «Келіншектау сағымдары», «Бұршақ», «Соғыстың соңғы жесірі», «Алапар мен Динго», «Жүрекке әжім түспейді», «Сусамыр» сынды әңгімелері арқылы қоғамның рухани танымын байыта түсетін тағылымды ойлар ұсынады.  Бұл жазушы шеберлігінен туған зор поэтикалық құбылыс. 

Шерағаң шығармашылығындағы тағы да бір елеулі тұстардың бірі – эпистолярлық жанр мәселесі. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақтың қос қаламгері – Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов «Егемен Қазақстан» газетінде хат жазысып, қоғамдық-тарихи тақырыптар да сыр бөліседі. Осы хатта: «Біз аса бір асулы да айтулы кезеңде тұрмыз. Бұл асуда екі ғасыр кездеседі. Ғасыр ғана емес, мыңжылдықтар тоқайласады, екінші мыңдық үшінші мыңдыққа жол береді. Адамзат тарихында мұндай оқиға өте сирек, яғни мың жылда бір-ақ рет болады. Ғасырлардың ауысуы да жүз жылда бір болатын оқиға. Сол белеске шығуға санаулы ғана саты қалғанда біз сол шынар биіктен не көрер екенбіз? Сол белестің арғы бетінде не барын, келе жатқан XXI ғасыр қандай болатынын, бізді нендей істер, қиындықтар мен қызықтар күтіп тұрғанын болжағымыз, елестеткіміз келеді», - деп алаштың қос қаламгері сол кезде-ақ «Жаңа Қазақстанның» болашағы туралы тұщымды пікір алмасқан. Шерхан Мұртаза мен Камал Смайылов ағаларымыздың сол хаттары бертін келе арнайы кітап болып жарық көрді.

Шерхан Мұртаза – шындықтың шырағданы болып әдебиетіміздің көгінде мәңгі қалықтап, тарихымызға алтын әріппен жазылатын ұлы құрметке ие тұлға. Шерағаңның қайраткерлік болмысы мен қаламгерлік келбеті «Жаңа Қазақстанның» рухани ұстынына айналатынына сенімім кәміл. 

Шерағаны еске алушылар көп
А.МАЙЛЫБАЕВА: Қазығұрттың бір шыңы кейде Шерхан шыңы болып елестейді маған
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу