Шерағаны еске алушылар көп
Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум Түркістан қаласында өткелі жатыр. Іс-шараның мақсаты - Шерхан Мұртазаның жазушы, журналист, мемлекеттік қайраткер ретінде атқарған еңбектерін, әдеби-публицистикалық мұрасын дәріптеу, тағылымы мол өмірі мен шығармашылығын насихаттау. Симпозиумға белді қаламгерлерден жазушы жайлы ой-толғамдар мен естеліктер толассыз түсіп жатыр. Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбайұлы Шерағаны былайша еске алады:
«Жұрт баяғы «Совмин» деп атап кеткен Алматыдағы ауруханада жатқанымда бір таныс жігіт: «Мұнда Шерағаң да емделіп жатыр екен. Бардың ба?» деп сұраған соң, ол туралы естімегенімді айттым. Аурухананың шағын ормандай гүлге оранған кең ауласындағы орындықтарға отырып алып, немесе айналма жаяу жолмен қыдырып жүріп, таныстардың әңгіме соғатындары үйреншікті жағдай. Өзім жатқалы 5-6 күннің мезіретінде Шерағаң тыстан көрінбеген соң, ол кісінің ем алып жатқанынан хабарсыз болатынмын. Әрине, іздеген кісіңді тауып алудың қиындығы жоқ. Сұрастырсаң, қай бөлімнің қай қабаты, қай палатасында жатқанын айтып берушілер баршылық. Компьютер деген кішкене қара жәшіктің білмейтіні жоқ. Біліп, айтып берді. Туған ағамыздай қадірі артқан кісіге құр қол жетіп бармайын деп, базардан қымыз, үйден сый табағын астырып, бір кісілік екі-үш бөлмелі палатасына кірсем, дастарқанды қазы-қартаға толтырып қойып, Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыздың зайыбы әңгіме соғып отыр.
– Кел, қайным, мына ағаңның сыбағасын әкеліп едім, аузына салмай отыр. Сен де бірге отыршы, айналайын, – дейді бұрыннан таныс ашық-жарқын жеңгем. Ал Шерағам болса, баяғыдай: «Кәкөнтой, келіп қалдың ба?» деп, түсін жылыту жоқ. Мүлде бейтаныс адамды көргендей бетіме сұраулы жүзбен қарайды.
– Кімсің? – деді мені танымай тұр-ау деген ойымның қате емесін білдірейін дегендей. Жүрегім атша тулап қоя берді. Қасқайып, қалың жауға жалғыз шапқандай талай биік мінберлерде ел қамы, жер қамы деп намыс жолында жанын пида етердей, қайран қаһарман ағатайым, сені қу тағдыр осындай күйге жеткізіп пе еді?! «Қызыл жебе» деп Тұрар Рысқұловты атасаң, өзің де қызыл жебеге айналып едің-ау. Уақыт қандай қатыгез еді. Күні кеше сияқты еді ғой, Шерағаңның парламентте «Жерді сатамыз ба, жоқ па?» деген әңгіме көтерілгенде: «Жер – Адамзаттың анасы, мәңгілік бесігі. О баста жерден жаралдың, бұл даңғаза дүниеден озғанда да барар мекенің – сол жердің қойыны» деген; «орыс тіліне де Мемлекеттік дейтін мәртебе берейік» деген жандайшаптарға: «Қос тіл жыланда ғана болады» деп шырылдаған; барымызды оқсатпай, талан-таражға ұшыратқан кезде: «Алтын сандықтың үстінде аш отырмыз» деп жар салғаны; қазіргі кейбір белсендісымақтарға: «Дүниені жарамсақтар мен жағымпаздар бүлдіреді» деген сияқты ұлтының ұятындай сөздерді айта білген, осы заманның қас батыры «Қара арғымақ арысаның...» күнін кешіп отырғанын көру қандай ауыр еді...
«Ең болмағанда қазағымның маңдайына осындай он ұл берсе ғой» деп ойладым қайран да қайран Шерағамды сол жылы дүниеден озғанда, өзі айтқан «сол жердің қойнына» тапсырып келе жатып... Алайда Шерағаңның шекпенінің жылуы тұла-бойыма әлі де қуат беріп келе жатқандай сезінемін».