Шерағаңның шашылып түскен тiркестерi
Түркістан қаласында Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Көркемсөздің көшбасшысы, көсемсөздің қолбасшысы» атты халықаралық симпозиум өтеді. Шараға орай белгілі жазушы, журналистер Ш.Мұртаза жайлы өз естеліктерімен бөлісуде.
«Егемен Қазақстанға» Шерағаң басшылық жасаған тұста атақты ойшыл, танымдық прозаның перiсi Асқар Сүлейменовтiң «Шашылып түскен тiркестерi» жарияланып, қоғамның ой-санасында дүмпу туғызған едi. Содан берi осы тiркес сөз айналымына енiп, аракiдiк баспасөзде қолданылып келедi. Бiз де сол үздiк үрдiстiң үзiгiн үзiп алмау мақсатында оны жаңғырта отырып, Шерағаңның әр жылдардағы ой-толғаныс, көзқарастарын Қ.Қаған ықшамдалған түрiн жинақтапты. Мұны оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдiк. Саңлақтың семсер сөзiн сағынған шығарсыздар.
Өзiң өлме, өзгенi де өлтiрме. Мiне, шын демократия. Мiне, шын адамгершiлiк, имандылық! Ал, бұл қасиет, Құдайға шүкiр, қазақта бар.
***
...Бiзде байлық жоқ, оны, әсiресе, қазiр көбiрек сезiнiп жүрмiз. Керек десе, әлi күнге дейiн жеке саяжайымыз да жоқ. Өкiметтiң босағасына таман бiр саяжайымыз болушы едi, оны осы күнгi Iс басқарушы тартып алып, әлдекiмдерге бердi. Мейлi, астанада баспанасыз жүрген мыңдаған қазақтан жанымыз артық емес шығар, әйтеуiр баспанасыз емеспiз ғой...
***
...Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшiн өз туған елi болмайды» деп Америка демократиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.
Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметiп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесiне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.
Пифагор деген әулие:
«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен.
Бiзде не көп, заң көп. Бiрақ соның қайсысы орындалып жатыр. Ал әдет-ғұрып, салт-сана, мiне, замандар легiнен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, бiз содан айырылдық қой.
***
Қазiр жоғарыдан төменге дейiн, өрден ылдиға дейiн жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуiрi.
Қайда барып оңамыз!
Жетiм мен жесiрдiң ақысын жеме! – дедi салтымыз.
Әсiресе, әлсiздердi, жетiм мен жесiрлердi жегiштер көбейдi.
***
Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндiз-түнi тебiрентiп-ақ келiп едi... Әттең-ай, бiр сәтке қалғып кетiп, қобыздың үнi өшiп қалғанда, қасиеттi бабаны жылан шағып өлтiрдi.
Сол қобыздың шын аты – Руханият.
***
Газет жұмысы – бiр жағынан жазушының досы. Ел көресiң, жер көресiң, сан-түрлi адамдармен кездесесiң. Шығармаға жем табылады.
Газет – бiр жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкiрегiңдi кернеген дүниенi алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың iшiнде жүресiң. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бiр тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тiрiл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпiрме сөздерi таңертең газеттiң бетiнде болуы керек. Әйтпесе, басың кетедi. Сөйтiп жүрiп мен бастап қойған повесiмдi аяқтай алмадым.
Ал Оралхан сол сапардан бiраз жыл кейiн «Құм мiнезi» деген повесть жазды. Мiне, жазу! Жазсаң – осылай жаз...
***
Қолдан әлсiретiлген ұлттық мәдениет, жүдеген ұлттық рух шетелдiк имансыз басқыншылыққа қарсы тұра ала ма? Қарсы тұру үшiн бүкiлхалықтық қаһармандық әрекет керек. Ұлттық ұрпақтар бiрлестiгi ендi он есе, жүз есе керек. Әккi саясаткер Черчилль айтқандай, бiз «қиыншылықты қолдан жасап алып, қаһармандықпен» жеңуiмiзге тура келедi.
***
«Әкелер мен балалар» проблемасы деген батыстан келген кесел. Қазақта ондай проблема болған емес. Әкелерiн қартайғанда «Жетiмдер үйiне» апарып тастайтын тәсiрсiздiктi қазақ бұрын бастан кешкен емес. «Бүгiн не ексек, ертең соны орарсыңды» бiздiң халық қағида тұтқан.