«Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый»

Oinet.kz 15-12-2022 545

image.png

Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында Тілдерді оқыту және дамыту орталығы «МӘМІЛЕ» клубының жоспарына сәйкес және А.Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай қазақ тілін үйренуші топтармен «Тәуелсіздік – тәңірден келген тәтті сый» атты ашық сабақ іс-шарасын өткізді. Атап айтқанда, мерекелік шаралар «Мейір-Бейс жоғары колледжі» мен Сұлтан рабат, Әл-Фараби және №16 Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта білім беретін мектептерде өткізілді. Іс-шараның мақсаты – қатысушыларды қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ерлік күресімен, қол жеткен жетістіктерімен қысқаша таныстыру.Қаншама құрбандықпен қол жеткен тәуелсіздігімізді құрметтей, қастерлей білуге, Қазақстанның келешегі үшін аянбай күресуге және еңбек етуге шақыру. 

Тіл үйренушілер сабаққа белсене қатысып, 31 жыл ішінде тәуелсіз еліміздің жеткен жетістіктерінен хабардар екенін көрсетті. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі жөнінде қойылған сұрақтарға жауап беріп, пікір алмасты. Сондай-ақ мемлекеттік нышандарымыздың 30 жылдығы аясында, сабақ барысында рәміздеріміздің бейнесін салу арқылы патриоттық рухты оятатын, әр жүректе мақтаныш сезімін тудыратын нышандар өз дәрежесінде көрініс тапты.

31 жыл бұрын, 1991 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде өз тәуезсіздігін жариялады. Дәл осы күні «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заң күшіне енді. Заң Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі 1990 жылдың 25 қазанында қабылдаған Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қағидалары негізінде әзірленді.

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанында аталып өтеді.

Биыл, яғни 2022 жылдың 16-шы желтоқсанында Қазақстанның Тәуелсіздігіне — 31 жыл толып отыр. Отыз бір жыл қарап отырсақ аз уақыт та емес, жалпы алып қарасақ көп уақытқа да жатпайды. Жаңадан туылған ұл баланы 1991 ші жылы туылған деп қарасақ биыл ол сәбидің өзі 31 жасқа толып отыр екен.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дәуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мәнін жете түсіне бермейді. Тәуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мәніндегі ахуал олай емес.

«Сіздерді ұлық мереке – Қазақстан Тәуелсіздігінің 31 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыз осы уақыт аралығында толағай табыстарға жетті. Мемлекетіміздің қарқынды дамуы тұрақты саясат пен ішкі бірліктің арқасы. Рухы биік, намысы берік бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл мұраты – азаттықты аялау, тағдыры ортақ тұтас халқымыздың татулығын сақтау біздің басты мұратымыз. Бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болсын! Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болғай!» деп тілек білдірді ұйымдастырушылар. 

«Егемендігіміздің мәңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз және барлық қиындықтардан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз» десті жастар жағы.

Ел тәуелсіздігі мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Кез келген ел тәуелсіздігін оның мемлекеттік рәміздерінен бөліп қарауға болмайды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық. Арысы қазақ хандығынан бастап берісі егеменді елдің іргесіне дейінгі көшті жалғастырып келе жатқан, атадан тараған ұрпақтың парызы осы аманатты сақтау.

А.МАЙЛЫБАЕВА: Қазығұрттың бір шыңы кейде Шерхан шыңы болып елестейді маған
Жәдігерлер мекенінің жаңа ғимараттағы бір жылы: не атқардық, жоспарда не бар...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу