Жәдігерлер мекенінің жаңа ғимараттағы бір жылы: не атқардық, жоспарда не бар...
Күн өткен сайын түрленіп келе жатқан аудан орталығы Шолаққорған ауылы көз тартар сәулетті жаңа ғимаратпен толыққанына да жыл толыпты . Өлке тарихынан сыр шертетін жәдігерлер мекені - С.Қожанов атындағы Созақ аудандық музейі жаңғырған келбетімен аудан орталығына сән беріп, Тәуелсіздік мерекесіне толымды тарту болып 2021 жылы 14 желтоқсанда келушілерге есігін айқара ашқан еді. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановтың 100 жылдығы мерейтойы құрметіне 1994 жылы 12 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Министрлер Кабинетінің №370-ші қаулысына сай тарихи-танымдылық мақсатта ашылған музей жаңа ғимаратқа қоныс аударды.
Теріскейдің тарихқа тұнып тұрған топырағында бой көтерген, ұлттық руханиятты өрістетуге сүбелі үлес боларлықтай сәулетті музейдің маңызы зор.Ғасырлар тереңінен тамыр тартатын Теріскей көне де киелі мекен, Қилы кезеңдер мен оқиғаларды өткерген Созақ елінің тарихы тағылымды, тәлімі ерек десек, көнеден сыр шертетін қазыналар ордасы- музей ендігі осынау шежірелі өлкені таныта түсуге сүбелі үлесін қосып келеді.
Созақ ауданы — Түркістан облысының солтүстігіндегі әкімшілік-аумақтық бөлік. Жерінің аумағы 41,0 мың км² (облыс жерінің 35,0%-ын қамтиды). Орталығы - Шолаққорған ауылы. Аудан 1928 жылы қаңтар айыңда мекендеген 6 болыс ел мен Жылыбұлақ болысы негізінде құрылды.Созақ ауданының тұрғындарының құрамы көп ұлтты. Халқының 91.02% астамы - қазақтар, қалғаны - өзбектер, орыстар және басқа ұлт өкілдері. Аудандағы ірі елді мекендер: Шолаққорған, Созақ, Теріскей, Таукент, Қыземшек, Шақырық, Қарақұр, Құмкент ауылдары. Ауылда қаракөл қойын, түйе, жылқы, биязы жүнді қой, етті-сүтті ірі қара, астық өндіруге маманданған 10 кеңшар болған. Олардың негізінде 329 шаруашылық нысаны құрылды: 8 өнеркәсіп нысаны, 321 агроқұрылым. Өнеркәсіп кәсіпорындары облыстағы тау-кен өндірісінің негізгі (87,5%) өндірушілері. Ауыл шаруашылығының жетекші саласы - ет, сүт өндіру болып табылады.
Осынау қарышты қадамдардың әрбірі музей қорында хатталып,сақталып , ұрпақтан ұрпаққа мұра болса деген мақсатта жұмыстар жүргізіліп жатыр. Музей тек аудан тұрғындары келетін орын емес, басқа да қонақтар тамашалайтын орын. Музей экспозициясы арқылы келушілер Созақ ауданының тарихы мен мәдениетімен танысады. .Музей залдарын әрлеуші суретші-дизайнерлер экспозициялық кеңістікте неғұрлым айқын формадағы архитектуралық-көркемдік үйлесім таба білген. Жоғарғы ауқымдағы идеямен архитектуралық-көркемдік деңгейге ие, қазіргі кезеңдегі техналогияның мүмкіндіктерін экспозициялық кеңістікте кеңінен пайдаланып, кешендік шешім жасалған.Экспозициялық кеңістікте Созақ ауданының табиғат диорамасы көрнекті орналасқан.
Кіріспе бөлімде Созақ ауданының табиғи картасы ұсынылған: климаты, өсімдігі мен жануарлар дүниесі кең көлемде ұсынылып, келушілерге муляждар, суреттер түрінде мол мағлұмат береді. Созақ ауданының киелі орындары, кесенелер түсініктеме баннерлер, макет, фотолар арқылы кенінен сыр шертеді. Жарығы мол, кең залдың көрікті көрінісі келушіні бейжай қалдырмайды.Ұлтымыздың ұлы тұлғасы , көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері С.Қожановтың ғұмыр жолына арналған бас экспозицияда қайраткерлік өсуі деректі құжаттар, суреттер, әдебиеттер арқылы көрсетіліп, нақты деректермен толықтырылған. Көрнекті жерге қайраткердің жанұясы, туыс бауырларының суреттері қойылса, кейінгі сөрелерге қызмет бабындағы суреттері, құжаттарының көшірмелері қойылған. Шығармашылығына бір сөре арналған.. Қызы Зиба Қожанованың Өзбекстан Республикасына және Мәскеуге жазған хаттары мен жауап хаттары ілінген.
Созақ даласын жайлаған аштық жылдарында С.Қожановтың » Шүлен көже таратуы» да тарихи маңызды екені ақиқат. Бұл да экспозициядан көрнекті орын алған. С. Қожановтың есімі 1958 жылы ақталып, қазір бүкіл Орта Азия халықтары қадір тұтатын, үлкен қоғам қайраткері екендігі мойындалды. 1994 жылы қазақтың бес арыстарының бірі болып, туғанына 100 жыл толу мерекесі үлкен құрметпен аталып өтілді. Кәзіргі таңда Шымкент, Түркістан қалаларында С.Қожановтың атымен көшелер, саябақтар, мектептер ашылған. Осының бәрі сөрелерде сөйлеп тұр.
Екінші қабатта қазақтың тарихи кезеңдері де лайықты шешімін тауып, келушіге мол мағлұмат беретін экспонаттармен жасақталған, Мемлекетіміздің қилы кезеңдері, өлкеміздің өсу, өркендеу жолы деректері де мол қамтылған .Осы қабатта өзге экспонаттармен әдемі үйлескен киіз үй көз тартар көрнекті орында орналасып, қазақ тұрмысынан мол мағлұмат береді.Археология бөлімінде Созақ жерінен табылған балбалтастар, таңбалы тастар да өлке тарихынан сыр шертеді. Созақ елі ҰОС 1941-1945 жылдарында, өлке әдебиеті мен өнер саңлақтары, айтулы тұлғалар жайлы арнайы стенділер , тағы басқа бағалы дүниелер арнайы сөрелерде келушілерғе назарына ұсынылып келеді.Жыл бойына музей тынбай халыққа қызмет көрсетті.
Музейді тамашалауға, өлке тарихымен танысуға тұрғындар лек – легімен келіп жатты.Мекемелер қызметкерлері, жеке топтар, сырттан келген қонақтар...тіпті өз үйіне келген қонақтарын « Біздің Созақта осындай музей бар» деп ерте келген тұрғындар да болды. Ал, жасөспірімдер мен балалар өз алдына бөлек әңгіме. Биыл балалар жылы аясында бұларға музейге кіруге тегін болды. Экскурсиядан бөлек түрлі танымдық бағытта көптеген іс – шаралар да ұйымдастырылды.Ауған ардагерлерімен, өлкеміздің көп балалы аналарымен, еңбек ардагерлерімен өткізілген жаңа форматтағы кездесулер музейдің танымдық – тәрбиелік бағытына серпіліс тудырды.Мәдени – эстетикалық бағытта Наурызға арналған этнографиялық мереке, танымал суретші А .Байғараеваның көрмесі,журналист ,қаламгер, С,Қожановтың жиені Г.Қоблановамен кездесу,қобызшы ұстаз А.Жузбаеваның кеші, өлке журналистерімен жүздесулер тағылымы мол іс – шаралар болды. Жастарға құқықтық - танымдық тәрбие беру мақсатында аудан прокуроры Е.Қожабеков, аудандық сот төрағасы А.Дәуренбеков, аудандық ішкі істер бөлімінің бастыгының орынбасары Е.Оралбаев қатысқан Конституция күніне арналған дөңгелек үстел де музейдің жұмысы аясы кеңейтуге мүмкіндік берді.
Музей түрлі қоғамдық ұйымдармен де қоғамдық қатынас орнатып, ауданлық әйелдер кеңесі, ардагерлер кеңесі, Қ.Кемелұлы ат. шығармашылық бірлестігімен бірге талай айтулы игі шараларды атқаруда. Ең алдымен, музейдің тарихи – танымдық жұмыстарына басымдық беріліп келеді. Жуырда Шымкент қаласында Әл - Фараби ғылыми – әмбебап кітапханасында өткен , музейіміздің негізін қалаушы, тұңғыш директоры Д.Тұрантегіні еске алу кешін ұйымдастыруға белсене атсалысып, көшпелі көрме апарды. Атап көрсеткен іс – шаралар ауқымды жұмыстарымыздың бір парасы ғана.
Талай ғасырдың куәгері көне мекен Созақтың шежіресінен сыр шертер жәдігерлер мекені жаңа ғимараттағы алғашқы жылын осылай атқарды. Алдымызда елге қызметтің ерең күндері тұр.
Ниязәлі Дүйсенбек, С.Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінің директоры